1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған жоба тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған жоба тоқтап тұр

18.09.2024

Жамбылда 1 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалған жоба жарты жолда тоқтады. Меркі ауданындағы Андас су қоймалар торабы биыл бітуі тиіс еді. Алайда былтыр маусымда басталған құрылысы әлі бірнеше жылға созылмақ. Басты себеп, бөгетке бөлінген қаржы жетпей қалған. 3 тоғаннан тұратын гидро кешеннің су сақтау қуаттылығы 1,5 млн текше метрге жуық. Бүгінде бір бөлігінде жұмыс тоқтап тұр. Ал қалған екеуінің құрылысына қажетті қаржыны мердігер өз қалтасынан шығарған.

Тұрар Дулатбаев, Меркі аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Бүгінге таңда Андас-1, Андас-2 су тоғаны толық құрылысы аяқтады. Андас-3 су тоғаны бойынша қаражат толық бөлінбеуіне, ол жерде біраз өзгерістер қажет болуына байланысты жұмысы тоқтап тұр.

Ал құрылыс басқармасы екі су сақтағышты салған серіктестікке 88 миллион теңге берешек болып қалды. 3-бөлігінің құрылысы мен мердігерге қайтаратын қарызды қосқанда тағы 700 млн теңгеге жуық қаржы қажет. Жоба жүзеге асқан жағдайда Меркі ауданы көршінің суына тәуелді болмайды.

Жорабек Баубеков, Меркі ауданының әкімі:

Бізге құрылысын толық аяқтау үшін нақты 686 млн теңге керек. Биылға бұл сұраған қаржымыз қолдау таппады. Республикалық бюджетке тағы да нақтылау үшін өтінім берілді. Келесі жылға қаржы бөледі деген үміт бар. Ал былтыр бөлінген 1 млрд 112 млн теңге толық игерілді.


Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу