Ақ пен қараның аражігін ажырата алмас аңғал шақта аңдамай шалыс басқан 69 бала жазасын абақтыда өткізіп жатыр. Психологтар ауыр қылмыс-ұсақ бұзақылықтан басталады дейді. Қазір мектептерде буллинг көбейіп, балалар арасында жауыздық жиілегенін айтады. Бала қалай қатігез болады? Оқушылар арасында қылмыстарды болдырмас үшін білім ордаларында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Бұл Астанада таяуда болған оқиға. Автобустардың бірінде бір топ жасөспірім 16 жастағы баланы аяусыз соққыға жығады. Жәбірленушінің анасы бірден полицияға арызданып, артынша 3 бала ұсталды. Бірақ жазаны олардың ата-аналары арқаламақ.
Эльмира Шәуленов, қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Астанада қоғамдық көлікте жасөспірімді соққыға жыққан 15 және 16 жастағы 3 бала анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Аталған факті бойынша денсаулыққа қасақан жеңіл зияны келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдерін жауапкершілікке тарту шаралары қарастырылды.
Елдегі жалғыз балалар колониясында 69 жасөспірім жазасын өтеуде. Мекеме өкілдерінің айтуынша, көпшілігі аса ауыр қылмыс жасаған. Сотталғандардың ең кішісі - 14 жаста. Биыл жарты жылда есірткі тасымалдап, темір торға тоғытылғандар көп.
Қанат Болатұлы, Кәмелет жасқа толмағандарды түзеу мекемесі басшысының міндетін атқарушы:
Колонияда 69 сотталған бар. Жазасын өтеп жатыр. Басым бөлігі 99 бап. Кісі өлтіру бабымен, ең кіші сотталғандардың ең аз өтеу уақыты 1 жыл 3 айдан басталады. 12 жылға дейін.
Өкінішке қарай соңғы уақытта балалар арасында әлімжеттік өршіп, буллинг азаймай тұр. «Мұндай қатігездікке ең әуелі гаджет себеп», - дейді психологтар. Телефондағы түрлі контенттерді шектеусіз көретін бала психикасы теріс дүниені жылдам қабылдайды. Сондықтан үйдегі бақылау мен мектептегі тәртіпке ерекше мән беру керек. «Үлкен қылмыстың көбі ұсақ бұзақылықтан басталады», - дейді Ержан Мырзабаев.
Ержан Мырзабаев, психолог:
Агрессия көрсетіп жатқан әрбір бара, бұл агрессияны бір жерден көріп жатыр. Ол отбасылық, қоғамдық жағдай болуы мүмкін. Немесе қолымыздағы гаджеттерден болуы мүмкін. Он екі жастан бұрын ойнауға болмайтын қолданбаларды 8-9 жастағы бала қолдана береді. Содан психикасы әсерленеді. Агрессиясының түбін түсіне бермейді.
Бала шалыс баспас үшін мектептерде мейірімділік туралы ашық сағаттар жиі өткізілгені жөн. Алайда, негізгі жауапкершілік ата-ана мойнында. «Қауырт жұмыс деп бала болашағын ұмытпауы тиіс», - дейді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Соңғы кезде балалар колониясында сотталғандардың саны азайып келеді. Бұрынғыдай емес. Қазір ақпараттық алаң көп. Сондықтан буллинг белең алғандай болады. Бірақ баланың бәрі жауыздыққа жақын деуге келмес. Дегенмен, дұрыс бағыт бағдарды көрсете білу үлкендердің міндеті. Бүгінде көптеген ата-ана телефонға телміріп, бас алмайды. Бұл да бала бойындағы қасиеттерді қалыптастыруға септігін тигізеді.
Бала қауіпсіздігін күшейту үшін «ДосболLIKE» бағдарламасы ресми іске қосылмақ. Оқу-ағарту министрлігінің ақпарынша, бұл жоба - буллингке жол бермей, оқушылар арасында достықты нығайтуға негізделген. Бүгінде еліміздің 9 аймағында жалпы 50 орта білім беру ұйымында пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ барлық өңірде оқушыларға психологиялық қолдау көрсету орталығы жұмыс істей бастады. Мамандар бұл шаралардың жағдайды оңалтатынына сенімді.
Динара Жарқынбек