Жылқы бағу – екінің бірінің қолынан келмейтін кәсіп. Қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығында далада мал жаю оңай шаруа емес. Дегенмен, ата кәсіп – балаға аманат. Солтүстікте тұратын Нұрлан Зағыпар Қамбар ата тұқымына бала күнінен құмар. Жылқыны – кәсіп деп қана қарамайтын, жүйрік мініп, көкпар тартатын азаматпен Эльмира Кәленова тілдесіп қайтты.
Нұрлан Зағыпар, жылқышы:
Менің Монғолиядан келгеніме 14 жыл болды. Соның 12 жылында осы жылқы бағып келе жатырмын. Атамекеніме келу жағы арман болатын. Әкеміз де 26 жыл жылқы бақты. Сол кісінің ізін жалғастырып жүрміз. Бір ұлым, 3 қызым бар. Ұлым көкпарға шығып жүр, атқа жақын. Бұл - қазақи тұқым, жігерлі жылқы. Топты жарып кіреді, ортасына шаршауды білмейді. Өзім баптап, өсірдім. Көкпарда да атышулы. Біраз салымдар салған.
400 жылқы бар, оны санап үлгере алмайсың. Ол жылқыларды жүріс-тұрысынан танимыз. 30 минуттың ішінде барлығын түгендеп шыға аламыз. Жылқының қасында жүргеннен кейін өзің де сергек, жақсы жүресің. Қиыншылықтары да бар. Басқа жұмысшыларды қарасаңыз, жаңбыр жауса да, күн ыстық болса да олар көлеңкеде, тракторда, конторында болады. Бізде 24 сағат күннің ыстығына, жаңбырға қарамастан жүреміз, оған төзу керек. Сондықтан көп азаматтар қашатыны сол. Біреудің жылқысы табылмай кетсе, онда төлейміз. Бұрын ата-бабамыз да ұлан-ғайыр оңтүстік, солтүстік, шығыс, батысты найзаның ұшымен, білектің күшімен, ақыл-ойымен, осы арғымақ аттың тектілігімен қорғап қалған. Сондықтан қазақ халқы осы төрт түлік малдың ішінде жылқыны ерекше қастерлейді.
Эльмира Кәленова