Өңірлердегі тапшылықты жою үшін қуатты энергия көзі қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлердегі тапшылықты жою үшін қуатты энергия көзі қажет

20.09.2024
0:00:00
0:00:00

Ақтөбе облысында электр энергиясының тапшылығы – 451 мегаватты құрап отыр. 2028 жылға қарай тұтыну көлемі 1 270 Мвт-ты құрайды. Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министрі ұзақмерзімді энергетикалық тұрақтылық үшін елімізге энергияның орнықты баламалы көзі қажет екеніне тоқталды. Олжас Бектенов аймақтағы бірнеше ірі кәсіпорынның жұмысымен танысты, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттердің жүзеге асырылу барысын тексерді.

Үкімет басшысы алдымен Қарғалы ауданындағы жел электр стансасының жұмысымен танысты. Бұл жобаны іске асыруға 69 миллиард теңге жеке инвестиция салынды. Қазақстандағы ең ірі турбина жыл сайын 195 гиговат энергия өндіреді. Дегенмен, тапшылық арта береді. Сондықтан Премьер-министр қуатты энергия көзі қажет деді.

Олжас Бектенов аудан орталығындағы №2 орта мектепке де арнайы келді. 55 жыл бұрын салынған бұл білім ордасы «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» республикалық жобасына енген.

Айна Дүйсекова, мектеп директоры:

2023 жылы біздің мектеп қайырымдылық жобаға кірді. Қазақстан халқына қорынан 250 миллионға жаңа құралдар, жаңа жиһаздар әкелінді. Білім сапасы өсті.

Ал, бұл темір жол рельстерін шығарумен айналысатын ТМД аумағындағы бірегей кәсіпорын. Ашылғанына сегіз жыл болған зауыттың жылдық қуаты 450 мың тоннаға жуық. Бұл жерден тау-кен саласына арналған шахталық тіреуіштер де шығарылады.

Айдар Өміров, Ақтөбе рельс-Арқалық зауытының коммерциялық директоры:

Өнімдеріміз әлемдің сертификацияға сай. Осы шығарып жатқан өнімдерді Қазақстанның ішкі нарығына ғана емес, экспортқа да жіберіп жатырмыз. Ресей, Беларусь, Украина, Молдова, түрік елдері де біздің өнімдерді қолданып жатыр.

Аймақтағы ең ірі өндіріс орнының бірі – Ферроқорытпа зауыты. Мұндағы жоғары көміртекті хром өндіретін цех он жыл бұрын қолданысқа берілген еді. Өндіріс процесі автоматтандырылған. Үкімет басшысы Ауыз су қондырғыларын шығаратын кәсіпорын мен көлік-логистикалық орталықтың жұмысын да көрді. Жалпы, облыстың өндіріс саласында даму бар.

Абзал Әбдікәрімов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

Жылдың көрсеткіштері бойынша жалпы өңірдің ішкі өнім, 1,1 триллионды құрап, 112,7 пайызға өсіп отыр. Өнеркәсіпті алатын болсақ, сегіз айдың қорытындысы бойынша 1, 7 трлн-ды құрады. Ол 6, 7 процентке өсіп отыр.

Премьер-министр энергетика инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажеттігін айтты. Ол үшін баламалы қуат көздерінің маңызы зор. Оның үстіне ірі кәсіпорындар көбейген сайын энергия тапшылығы да арта түспек.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу