«Автокөліксіз бір күн». Бельгия жұрты жылдағы дәстүр бойынша темір тұлпарларын велосипедке ауыстырып, айтулы мерекені 26-рет атап өтті. Бұл күні қалада автобус, трамвай мен санаулы таксиден өзге автомобильге көшеде жүруге рұқсат жоқ. Жүре қалса, көлік иесіне қомақты айыппұл салынады.
Шараның мақсаты- халықты экологиялық таза көліктерге көшуге және табиғатты аялауға үндеу. Экологтардың пайымынша, автокөліксіз бір күнде қаладағы шуыл 6-8 есе, ал ауаны ластайтын азот диоксиді сынды улы газдар 80 пайызға азайған.
Мишель Шабо, зейнеткер:
Теңіздің ауасындай таза ауа жұтып рахаттанып қалдық. 40 жыл бұрын осы мерекенің арқасында велосипедке отырып едім, қазір жасым 80-де, әлі түспедім. Соңғы жылдары кішкентай балаларымен, отбасылар, жалпы велосипедке мінушілердің қатары көбейгені қуантады.
Марк Гретсельс, Брюссель қаласының тұрғыны:
Брюссель сияқты ірі қалаларда, жалпы барлық елдерде осындай автокөліксіз күндерді жиі ұйымдастыруы керек. Ең болмаса жылына 4 рет ұйымдастырса, жақсы болар еді.
Нұрсұлу Қасым