Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79 сессиясы аясында алғаш рет «Болашақ саммиті» басталды. Оған Премьер-министрдің орынбасары Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация да қатысты.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Болашақ саммиті БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі апталығының алдында өтіп жатыр. Екі күнге созылады. Ертең қазақстандық делегация басшысы Мұрат Нұртілеу сөз сөйлейді деп жоспарланған. Бұл іс-шара қазіргі әлемдік ахуалды жақсарту және болашақты қамтамасыз ету бағытында жаңа халықаралық мәміле табуды көздейді. Оның негізгі тақырыптары тұрақты даму және қаржыландыру, бейбітшілік пен қауіпсіздік, барлығына арналған цифрлық болашақ, жастар мен болашақ ұрпақ, сондай-ақ жаһандық басқару мәселелері болмақ.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
21-ші ғасырдағы мәселелермен күресу үшін заман талабына сай шешімдер қажет. Себебі қазіргі кезде күресу керек мәселелер көп. Біздің көпжақты құралдар мен институттар бүгінгі саяси, экономикалық, экологиялық және технологиялық қиындықтарға тиімді жауап бере алмай отыр. Сондықтан бұл қиындықтардан құтылу үшін жұдырықтай жұмылып жұмы істеуіміз маңызды.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Саммиттің қорытындысы ретінде үш негізгі құжат: «Болашақ үшін Пакт», «Жаһандық цифрлық келісім» және «Болашақ ұрпақтарға арналған декларация» қабылдануы мүмкін. Сондай ақ Нью Иоркқа сапары аясында Мұрат Нұртілеу бірнеше екі жақты кездесу өткізді.
Жалғас Сәдібекұлы