Абай облысының орталығы Семейдің қала күні ерекше форматта тойланды. Үш күн ішінде 60-тан астам мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Соның ішінде, әсіресе Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығына арналған концерт семейліктерге ерекше тарту болды.
Семейліктер қала күнін кең көлемде атап өтті. Түрлі салада үздік қызмет еткен мамандарға құрмет көрсетілді. Оларға қала әкімінің атынан алғыс хаттар табысталды.
Қайрат Мирашев, Семей қаласының құрметті азаматы:
Бәріміз қуаныштамыз. Өйткені бүгін қаламыздың туған күні, бүкіл халық болып тойлап жатырмыз. Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов біздерді қаланың Құрметті азаматы лауазымына беріп жатыр. Үлкен рахмет айтамыз.
Жалпы Семей қаласында 317 мыңнан астам адам тұрады. Қала әкімі шаһарды әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту басты назарда екенін айтты.
Нұрбол Нұрсағатов, Семей қаласының әкімі:
Қала күнін біз 3 күн атап өтіп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, кеше бізде көптеген іс-шаралар өтті. Бүгін бүкіл қаланың шет аймақтарын алып, орталық аймақтарда, саяжайларда парктерде бүкіл жерде жасап жатыр.
Арбатта «Семей. Тұлға. Тарих» атты жас суретшілердің туындылары, қолөнершілердің өнімдері, библиофест кітаптар жинағы сынды бірқатар шара қала тұрғындары назарына ұсынылды. Семейден шыққан еліміздің Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығына арналған концерт семейліктерге ерекше тарту болды. Әнші туған жерінің шексіз махаббаты мен ыстық ықыласына бөленіп, жүрекжарды алғысын білдірді.
Бибігүл Төлегенова, ҚР Халық әртісі:
Барлықтарыңызды бүгінгі қала күнімен құттықтаймын. Сонымен бірге, елім аман болсын.
Қала күніне арналған мереке ашық аспан астындағы «Open Air» форматындағы концерттік бағдарламамен жалғасты. 40 мыңға жуық көрермен тамашалаған кеш мерекелік отшашумен аяқталды.
Серік Нұртаза