Астанада адам папиллома вирусына қарсы екпені 140 қыз бала салдарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада адам папиллома вирусына қарсы екпені 140 қыз бала салдарды

23.09.2024

Астанада адам папиллома вирусына қарсы екпені 140 қыз бала салдарды. Бұл қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі. Әкімдік есебінше, елордада 11 жастағы 13 мыңнан аса қыз бар. Одан бөлек, вакцина 12-13 жастағы ниет білдірушілерге де егіледі. Ал, қордағы  препараттың саны 12 мыңнан асады. 

13 жастағы Амина алғашқылардың бірі болып адам папиллома вирусына қарсы екпе салдырды. Елордалық оқушыға ата-анасы бірден келісім берген. Акушер-гинеколог болып жұмыс істейтін анасы қызына вирустың қауіпті екенін түсіндіріпті.

Амина Юнусова, оқушы:

Анам маған вакцинаның денсаулығым үшін маңызды екенін түсіндірді. Өзім де ғаламтордан оқып алдым. Қазір вакцина салдырдым, өзімді жақсы сезініп тұрмын. Вирустың қауіпті екенін, түбі қатерлі ісікке алып келу тәуекелі жоғары екенін білдім.

Екатерина Юнусова, ата-ана:

Әрбір ата-ана қыздарының денсаулығы үшін, болашағы үшін вакцина салдыру керек деп есептеймін. Мен елімізге осы вакцина келеді деген кезде қатты қуанғандардың бірімін. Өйткені, бұл дәрілік препарат өте қымбат, кей елдерде ақылы түрде салынады.

Иә, вакцина 11-13 жас аралығындағы қыз баланың ата-анасы келісім берген соң ғана салынады. Алдымен, бала дәрігердің тексеруіне өтеді. Қарсы көрсеткіштер болмаса, екпе егіледі. Содан кейін, 30 минут дәрігердің бақылауында болады. Бұдан бөлек, 3 күн бойы медицина қызметкері қыздардың дене қызуын өлшеп, тексеріп тұрады.

Ботакөз Дүйсембекова, Қалалық №9 емхананың мектеп медицина бөлімшесінің координаторы:

Ата-аналардың келісіміне қарай вакцинаның саны да солай әкелінеді. Ата-аналарға ұсыныс айтамын: Түсіністікпен қарап тек қана дұрыс шешім қабылдасаңыздар.

Қазақстанда қолданылатын препарат АҚШ-та өндіріледі. «Гардасил» деп аталатын дәрі 2 компонетті. Екінші дозаны арадан 6 ай өткен соң салады. Дәрілік зат +2 +8 градус аралығында термоқорапта сақталады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері вакцинаның 12 мың дозасы толық иммундауға жетеді, - дейді. Әзір Астанадағы мектептерде орташа есеппен күніне 15-20 қыз вакцина салдырып жатыр.


Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу