Елімізде 2026 жылы бірінші өңірлік климат саммиті өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 2026 жылы бірінші өңірлік климат саммиті өтеді

24.09.2024

Қазақстан 2026 жылы бірінші өңірлік климат саммитін өткізеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары және Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бұл шара адамзатты алаңдатқан экологиялық мәселерді шешуге бағытталғанын айтты. Ұйымның Нью-Йорктағы бас штаб-пәтерінде өтіп жатқан Болашақ саммитінен меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатсын.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Қазақстан климаттық өзгерістерден бастап ядролық қарусыздануға дейінгі ғаламдық мәселелерді көпжақты ынтымақтастық арқылы шешуге бейілді. Сыртқы істер министрінің баяндамасының негізгі мазмұны осыған саяды.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы Істер министрі:

Болашақ туралы Пактіде бекітілген тиімді көпжақтылық бүгінгі таңдағы бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерді еңсерудің негізгі құралы болуы керек екені айқын. Сондықтан Қазақстан Президенті Тоқаев айтқандай, орта деңгейдегі мемлекеттердің және дамушы әлемнің дауысы Қауіпсіздік Кеңесінде анық естілуі керек.

Геосаяси және экономикалық тұрақсыздық кезеңінде әлемге дипломатия мен диалог қажет деді Мұрат Нұртілеу. Себебі климаттың өзгеруі – ғаламдық мәселе. Көпжақты ынтымақ танытпай оны шешу мүмкін емес.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы Істер министрі:

Мұздықтардың еруі, су тапшылығы, биоәртүрліліктің азаюы және шөлейттену сияқты мәселелерді тиімді шешу үшін, біздің еліміз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен бірінші өңірлік климат саммитін өткізеді. Сонымен қатар Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Өңірлік орталығын ашуды ұсынамыз.

Министр цифрлық трансформация мәселесіне де тоқталды. Алдағы онжылдықта әлемдегі тауарлар мен қызметтердің 70%-ы цифрлық платформалар арқылы өндіріледі деген болжам бар.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу