Түркістан облысында кәсіптік мамандарға сұраныс артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында кәсіптік мамандарға сұраныс артқан

24.09.2024

Елімізде халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында жұмысшы мамандықтарына сұраныс күннен-күнге артып келеді. Себебі өңірде жаңадан ашылып жатқан кәсіпкерлік нысандары көбейіп, жас мамандарды жұмыспен қамтуда. Қазір өңірдің жастары жоғары оқу орындарын емес, көп сұранысқа ие мамандарды даярлайтын колледждерді таңдауда.

Келес ауданында тұратын жастардың бірі Роза Жәнібек қазір Абай ауылындағы №13 колледжде оқиды. Үшінші курс студенті тігінші мамандығын таңдаған. Киім тігуді, пішуді үйреніп жүрген бойжеткен болашақта осы мамандық арқылы табысты боларына, тіпті тұрмыс құрса да жұмыссыз қалмайтынына сенімді.

Роза Жәнібек, студент:

Бұл кәсіпті басқа мамандықтарға қарағанда үйде отырып та, өзің жеке бизнес ашқан уақытта да көптеген пайдасын табуға болады. Өйткені қазіргі таңда көптеген тапсырыстар көп. Өзім жұмыс жасай аламын, ары қарай дамыта аламын.

Кәсіптік мамандық бойынша қыздар жағы аспаздық, тігіншілікті таңдаса, жігіттер көлік жөндеу, автоэлектрик немесе дәнекерлеуші мамандықтарын меңгеруде. Мәселен автомеханик мамандығын таңдаған Ерсұлтан Құрал елімізде көлік саны күн санап көбейген сайын оның қызметіне де сұраныс артады дейді.

Ерсұлтан Құрал, студент:

Қазір біз моторды ашып-шашуды үйреніп жатырмыз. Диагностика жасап үйренеміз. Болашақта бұл мамандықпен мен жұмыссыз қаламын деп ойламаймын. Өйткені барлығында машина бар. Көлік жөндеуге тапсырыс бітпейді.

Оқу орнындағы студенттер негізінен тәжірибелік сабақтарды көбірек өтеді. Арнайы мекемелерге барып, білімін жетілдіреді. Десе де оқу орнында арнайы техникалардың дені ескірген. Сондықтан техникалық базаны жаңарту қажет дейді колледж басшылығы.

Нұржігіт Шынаев, №13 колледж директорының орынбасары:

Бізге кейінгі үлгідегі тігін шеберханасы қажет. Қазір енді күннен-күнге дамып жатыр. Кейбір шеберханаларға барсақ, оюды өзі өрнек салып, оны тігіп беретін аппараттар бар. Барынша жаңа үлгідегі техникалар келсе, тоқтап қалмауымыз керек. Ары қарай жұмыс жасаған жөн.

Колледжді тәмамдаған жастар шақырту алып, тұрақты жұмысқа тұрып кетеді. Ауыл шаруашылығы техникаларын меңгергендер оқып жүріп еңбек ете береді, -  дейді ұстаздар. Ал келер жылды Президент «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы оқу орнының жұмысына жаңа серпін бергелі тұр.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу