Ақтөбе қаласы іргесіндегі су қоймасы жаңғыртылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе қаласы іргесіндегі су қоймасы жаңғыртылып жатыр

24.09.2024

Ақтөбе қаласы іргесіндегі ірі су қоймасында 36 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Биыл су тасқыны кезінде арнасы толып, тұтас қалаға үлкен қауіп төндірген еді. Дегенмен, мамандардың жанкешті еңбегінің арқасында апат болған жоқ. Қазір мұнда және облыстағы басқа жиырмадан аса нысанда жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Тасқын кезінде сыйымдылығы 245 миллион текше метрлік қоймаға 2,5 есе көп су келген. Сондықтан қауіп үлкен еді. Салынғалы жөндеу көрмеген нысанның шлюздерін лезде ашып жіберу оңайға соқпаған.

«Бұл су қойманы жергілікті халық «Ақтөбе теңізі» деп атайды. Алайда, қазіргі кейпіне қарап, тек көл деуге ғана болады. Су жағалаудан ондаған метрге қашықтап кеткен.

Қазір мұнда 55 миллион текше метрдей ғана су қалды. Яғни, деңгейі төрт-бес есеге төмендеді. Айдынның қазіргі түрін көрген тұрғындарда қорқыныш бар. Олар су деңгейі бұрынғы қалпына келмей қала ма, деп алаңдайды.

Қуаныш Ұжымақов, қала тұрғыны:

Су мына арадан бастап 8 метрге түсіп қалған.Тіпті, он метрге дейін. Келесі жылдары су көп келе ме, білмейді.

Қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жиектегі бетон қабырғаларда жарықтар пайда болған. Мамандар оны қайта қалпына келтіру үшін судың көп бөлігін ағызып жіберуге мәжбүр.

Шыңғыстау Әбдиев, «Ақтөбе» су қоймасының су реттеушісі:

«Ақтөбе» су қоймасының су түсіп кетіпті, топырағы шығып қалыпты, қауіп төніп тұр, экология деген әңгімелер даңғаза. Негізі су қойманың суын жіберу жоспар бойынша жасалып жатыр.

Қоймадағы шлюздер ашық тұр. Яғни су деңгейі тағы төмендейді. Мұндағы бетон қабырғалардан бөлек, су реттеу қондырғылары да жөнделеді. Қоршау салынып, бейнебақылау камералары жаңадан орнатылады. Қазір облыс бойынша осындай 24 нысанда жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мақсатқа 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Жомарт Бақыткелді, облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінгі күні 24 объектінің барлығында жұмыстар атқарылуда. Оның екеуі толыққанды аяқталды. Темір ауданындағы Қара деген бөгетте қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Басқа объектілер бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұл тасқынның алдын алуға бағытталған шара. Жөндеу жұмыстары толығымен жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.


Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу