Биылғы су тасқыны 120 мыңнан аса адамның өміріне әсер еткен. Зардап шеккендерге арналған үйлер үш айдан астам уақытта салынды. Салынған үйден бөлек, 5700-ден аса тұрғын үй мен пәтер сатып алынған. Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында 70-ке жуық үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Бүгін Үкімет отырысында осы су тасқыны мәселесі қамтылды.
Су тасқынынан зардап шеккендерге арналып 2,5 мың үй салынды. Құрылысы бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде жүргізілген. Бүгінде жұмыстар толығымен бітті. Ал, Ақмола облысында 38 және Батыс Қазақстан облысында 28 үйдің құрылысы аяқталуда.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Алдын ала есептеулерге сүйенсек, су тасқынынан келген шығын 300 млрд теңгеден асады. Бұл нақты сан емес. Әлі бөгеттер, жолдар, құбырлар қалпына келіп жатыр. Соларды қалпына келтірсек, нақты цифр болады.
Министрлер кезекпен есеп берді. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов тасқын болған аймақтар апат салдарына дайын болмай шыққанын айтты.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Ондағы іс-қимылдар мен үйлестіру әлсіз жүргізілді. Енді халықты төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі іс-шараларды орындамағаны үшін әкімшілік шаралары қабылданатын болады.
Табиғи апат айтып келмегенімен қайтып келеді. Салдарынан сабақ алып, сақтық шараларын ширату керек. Үкімет басшысы су басқан өңірлерге көмек берген халыққа алғысын білдірді. Ал, билік тарапынан қолдау үзілмейді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Бүгінде кейбір азаматтарда сұрақтар мен проблемалар болуы мүмкін. Сондықтан әкімдіктерге жедел желі жұмысын тоқтатпай, жергілікті халықтың сұрақтарын шұғыл қарап, шешуді тапсырамын.
Бұдан бөлек, қорасы мен қоймалары қираған халықтан өтініш қабылдау келесі жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды. Ал Құлсарыда балабақша мен мектеп салуға Үкімет 7,7 млрд теңге бөледі. Апаттың алдын алу шараларына келсек,елімізде 2028 жылға дейін 42 су қоймасы салынбақ. Ал желтоқсан айында тасқындарды болжау жүйесі іске қосылады.
Азамат Бейбітұлы