Цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі

25.09.2024

Американың қаржы саласындағы жетекші компаниялары Қазақстанмен экономиканы цифрландыру мен кибер қауіпсіздік саласындағы байланысты дамытуға күш салмақ. Нью-Йоркте Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу америкалық компания өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, өзара тиімді әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Министр Mastercard, Visa, Citibank және Google сияқты ірі корпорациялардың басшыларымен кездесті. Келіссөздер кезінде көтерілген негізгі тақырып – Қазақстанның цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту, киберқауіпсіздікті күшейту және Орталық Азиядағы өңірлік цифрлық хаб ретінде елдің рөлін арттыру жайы болды.

Джон Хантсман, «Mastercard» компаниясының стратегиялық даму жөніндегі президенті:

Біз киберқауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырмыз. Қазіргі уақытта Қазақстанмен 5 жылдық жұмыс жоспарын бастап та кеттік. Елде цифрлық инфрақұрылымның дамуы қарқынды және біз қауіпсіз, жылдам төлем жүйелерін құруда үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Цифрландыру мен қаржылық сауаттылықты арттыру үшін көп жұмыс атқарылуда. Осы орайда біз жаңа технологияларға, қауіпсіз әрі жылдам төлемдерге қызығушылығы бар жастарды жұмысқа тартқымыз келеді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Ал Google компаниясының өкілдерімен кездесуде жасанды интеллект пен бұлтты технологияларды енгізу арқылы қазақстандық стартаптарды жаһандық нарықтарға шығару мәселесі сөз болды. Тараптар елдегі инновациялық экожүйені дамыту мен цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру бойынша бірлескен жобаларды жалғастыруға уағдаласты. Ал цифрлық төлемдер жүйесіндегі әлемдік жетекші компания Visa Қазақстан Ұлттық Банкімен тығыз серіктестікте жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда олар цифрлық теңгені жүзеге асыруға көмектесіп жатыр. Бұл ұлттық төлем жүйесін нығайту мен экономиканы цифрландырудың маңызды элементі болмақ.

Крис Кларк, «Visa» компаниясының аймақтық басшысы:

Біз Қазақстанның Ұлттық Банкімен цифрлық теңгені дамытуда серіктеспіз. Бұл Орталық банктің цифрлық валютасы елдің цифрлық төлем жүйесін күшейтуге және цифрлық инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Біз осы бағытта Ұлттық Банкпен ынтымақтастықты жалғастырып, Visa-ның өңдеу жүйелерін қолдау арқылы цифрлық теңгені іске асыруға әрекет етіп жатырмыз.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Компания сондай-ақ киберқауіпсіздікке айрықша мән беріп отыр. Бұл саланы дамытуға соңғы бес жылда 10 млрд доллар инвестиция құйған. Министр Мұрат Нұртілеу, сондай-ақ PepsiCo компаниясының өкілдерімен де кездесіп, Қазақстанның азық-түлік өнеркәсібін дамыту және оның экспорттық әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады.


Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу