Елордадаға 30 елден мұғалімдер жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадаға 30 елден мұғалімдер жиналды

25.09.2024

Отандық ұстаздар шетелдік мамандармен тәжірибе алмасады. Астанада Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Форумды Қазақстан ТМД аумағында бірінші болып ұйымдастырып отыр. Оған 30 елден әлемдегі ең танымал сарапшылар, ғалымдар, практик педагогтер және докторанттар келді. Оқу мен оқыту сапасын жақсартуға бағытталған зерттеулерді ортаға салып, талқылау – жиынның басты мақсаты. Айта кету керек, биылғы форумда рекордтық 850 абстракт қабылданған. Олардың көбін қазақстандық мұғалімдер дайындаған.

Кэтрин Льюис, Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының президенті:

Көптеген қазақстандық мұғалімдердің өз зерттеулерін ұсынып жатқанын көру ерекше! Қазақ ақыны айтқандай, «егер өз біліміңді бағаламасаң, оны ешкім бағаламайды». Демек, бұл мамандар өздерін бағалайды деген сөз. Олар оқушыларды зерттеу саласында үлкен білімге ие. Бұл біздің оқу жоспарымыз бен ауқымды зерттеулерімізде де көрсетілу керек.

Конференция аясында шеберлік сағаттар, симпозиумдер, постер сессиялар және елордалық мектептерде кездесулер ұйымдастыру жоспарланған. Мұндай пікір алмасудың маңызы зор дейді Жапониядан келген маман.

Тетсуо Курамото, Сидзуока университетінің профессоры:

Біз өз білімімізді бөліссек, сіздер оны әрі қарай дамытасыздар. Сол үшін де тәжірибе алмасып, одан да жақсы нәрселер жасай аламыз. Келесі жылы конференция Жапонияның Хиросима қаласында өтеді, ол үшін де қуаныштымыз!


Хабарламаларға жазылу