Көлік министрлігі жүргізушілерге маңызды үндеу жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлік министрлігі жүргізушілерге маңызды үндеу жасады

25.09.2024

Көлік министрлігі жүргізушілерге маңызды үндеу жасады. Олар автобустар мен жүк көлігі жүргізушілерін еңбек және демалыс режимін сақтауға шақырды. Көлікті басқарудың күнделікті ұзақтығы қолданыстағы қағидаға сәйкес 9 сағаттан аспауы керек. 4,5 сағат бойы үздіксіз басқарғаннан кейін жүргізуші кемінде 45 минут үзіліс жасауға тиіс. Бұл талап сақталмаса айыппұл салынады.

Алыс жолға шыққан көлік жүргізушісі демалыссыз 9 сағаттан артық жүрмеуі керек. Бұл талап 1995 жылдан бері бар. Қазір сол ережені тағы бір ескертіп, арнайы бір айлық акция жүріп жатыр. Біз ауыр көлікті тізгіндеген азаматтардың пікірін сұрадық.

Бақытжан Әнуаров, жүк көлігінің жүргізушісі:

Мына жақта артып алған жүгің, мал болады. Клиент асықтырады. 2-3 күннен бері мал су ішпей тұрса өліп қалады. Біз малдың өлгенін жауапкершілікке ала алмаймыз. Аздық қылады-ау 9 сағатыңыз.

Уәлихан Асылбеков, жүк көлігінің жүргізушісі:

Негізі олай жасаған жақсы. Бірақ 9 сағат болған кезде тұрақ болмай қалса онда не істейміз?

Ал, Сәкен ағамыз 20 жылдан аса автобус жүргізеді. Шымкентке дейін шамамен 30 сағат жүріп барады. Бірақ, 9 сағат деген талап сақталады екен.

Сәкен,  автобус жүргізушісі:

Индрайверлер, альфарттарға қойса болады. Бізде екі шопыр болғасын, 4-5 сағаттан ауысып айдап апарамыз.

Ал, Альфард, Эстима сияқты көліктерді мінген азаматтар бұл талапты біледі, бірақ сол ережені үнемі сақтап жүру қиынға соғып жатады дейді.

 Айдын Мергенбаев, көлік жүргізушісі:

Мен тоқтаусыз 12 сағат жүре аламын. Иә, жүрдім. 9 сағат жетпейді. Аз ғой, 9-сағат деген. 

9 сағаттық талапты жүргізушінің бұзғанын не бұзбағанын қалай анықтауға болады, жалпы?

Күнайым Қамиева, ҚР Көлік министрлігі автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің бас сарапшысы:

Аумақтық көлікті басқару инспекциялары жолда жүк көліктерін тоқтатып, тахограф деген құрылғы болады. Ол жүргізушінің қанша уақыт демалыды, қанша уақыт жүрді соны тіркеп отырады. Сол арқылы тексереміз. Егер бұзылса, әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. 

Бұл акция 9 қыркүйекте басталған. Содан бері 218 құқық бұзушылық анықталып, 4 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Оның мөлшері - жүргізушілерге 36 920 теңге көлемінде. Акция 9 қазанға дейін жалғасады. Шараның негізгі мақсаты – темір тұлпар тізгіндеген азаматтар шаршағаннан жолда ұйықтап кетпесін деген ескерту. Сақтыққа көз жұма қарап, жолда көзі ілініп кетіп, көз жұмғандар қаншама?!

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу