АҚШ 2050 жылға дейін атом электр станцияларының санын кемі екі есе көбейтпек. Бұл орайда Конгресс атом энергетикасы өндірсін дамытуға тың серпін беретін арнайы заңды бекітті. Байден әкімшілігі қолданыстағы атом электр станцияларын жетілдіріп, жаңасын салу мақсатында қомақты қаржы бөлуді бастады. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы толықтырсын.
АҚШ 2050 жылға дейін көмірқышқыл газдарының ауаға тасталу көлемін нөлдік деңгейге жеткізуді мақсат еткен. Бірақ оған атом энергетикасын дамытпай жету мүмкін емес. Сол себепті де ел билігі алдағы ширек ғасырда жалпы қуаты 200 гигаватт болатын ядролық энергия өндірісін іске қоспақ. Бұл кемі 200 үлкен реактор салынады деген сөз.
Дэниел Понеман, АҚШ-тың бұрынғы энергетика вице-министрі:
2050 жылға қарай 200 гигаватт қосу үшін 200 ірі реактор керек. Бірақ біз шағын реакторларды да тұрғызамыз. Демек, есептеп қарасаңыз жаңадан сатылатын атом электр станцияларының саны әлде қайда көп болып шығады.
АҚШ Конгресі жақында атом энергетикасын жылдам дамытуға бағытталған арнайы заң қабылдады. Бұл заңнама АҚШ-тың ядролық әлеуетін еселеп өсіруге жол ашады, - дейді депутаттар.
Шелли Мур Капито, АҚШ сенаторы:
Бүгінде ядролық энергия біздің ел тұтынатын қуаттың 20%-ын беріп отыр. Ядролық энергия реакторларын одан әрі дамыту біздің ұлттық қауіпсіздігіміз үшін де маңызды және экономика үшін де пайдалы.
Елдегі атом электр станцияларының көбі елу жыл бұрын салынған. Сондықтан кейбірі ескіргеніне байланысты жұмысын тоқтатып жатыр. Бірақ ел билігі оларды қайта жаңартудан өткізуге пейілді. Қыруар қаржы бөле бастады. Мәселен 2002 жылы жабылған Палисейдс станциясы келер жылы қайта ашылмақ.
Жалғас Сәдібекұлы