Қазақстан мен Европа елдері арасындағы сауда экономикалық байланыс, геосаяси ахуалға қарамастан жанданып келеді. Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы алаңында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Қазақстандық дипломат Испания, Латвия, Люксембург, Польша және Швейцариялық әріптестерімен екі жақты және халықаралық байланыстарды пысықтады. Европа мемлекеттері Орта дәліз Транскаспий халықаралық көлік жолы Қазақстан мен Кәрі құрлық арасындағы тауар айналымына серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібінде тұрған мәселелерге қатысты пікір алмасқан тараптар келіссөздер қорытындысы бойынша жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру туралы бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізді.
Сонымен қатар Мұрат Нұртілеу Молдованың Вице-премьері – Сыртқы істер министрі Михай Попшоймен және Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибигамен кездесті. Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды. Ал Сингапур Сыртқы істер министрі Вивиан БалаКришнанмен биыл мамыр айында Қазақстан Президентінің Сингапурға жасаған мемлекеттік сапары кезінде берілген тапсырмаларды сапалы және уақтылы орындау жайын талқылады.
Жалғас Сәдібекұлы