Елімізде жылына жүзден аса археологиялық қазба жұмысы жүргізіледі. Алайда зерттеу кезінде табылған жәдігерлер мен құнды деректерді әр кезең бойынша сақтайтын ұлттық қойма жоқ. Оларды қорғау үшін Заңды күшейту керек. Алматыда алғаш рет өткен Халықаралық археологиялық симпозиумға жиналған ғалымдар осылай дейді. Мамандар бай мұрамызды зерттеу үшін заман талабына сай технологиямен жабдықталған зертхананың да жоқ екеніне алаңдаулы. Басқосуға 20 мемлекеттен ғалымдар келді. Олар Қазақстанмен бірлесіп, археология саласындағы кемшін тұстарды талдады. Алдағы бес жылда тас дәуірінен этнографияға дейінгі бағыттарды нақты белгілеу мәселесі қаралды. Сондай-ақ ғалымдар орта ғасырға жататын Түркі кезеңін археологиялық тұрғыдан зерттеп, тас мүсіндердің жойылып кетпеуін қамтамасыз ету қажет деген ұсыныстар айтты.
Әсемгүл Қасенова, Ә.Марғұлан атындағы археология институты бас директорының орынбасары:
Дала мен қала дейді, осы екі бағытты бірлестіріп зерттеу керек болып тұр. Одан кейін ерте темір дәуіріне келетін болсақ, онда өте көп мәселе бар. Палеэкономика дейді. Осы сақ кезеңіне жататын, скифтер мен сақтардың байланысы, жергілікті біздің мәселелеріміз көп ғылымдағы.
Николуас Бороффка, археолог-ғалым (Германия):
Қызылордадан 150 шақырым қашықтықта орналасқан Қарасар ескерткішіне зерттеу жұмыстарын бастадық. Қарасар – бұрын-соңды көп зерттелмеген аймақ. Хронологиясы мен урбанизациясы белгісіз. Ауқымды әрі маңызды жобаны осыдан бір ай бұрын қолға алдық. Нәтижелі боларына сенім мол.
Айдана Қуантхан