Израиль атысты тоқтатуға келіспей отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль атысты тоқтатуға келіспей отыр

26.09.2024

Израиль мен Ливан арасындағы жағдай ушығып тұр. Әуе күштері Бейрутке соққы беріп жатыр. Израиль АҚШ пен оның одақтастарының атысты 21 сағатқа тоқтату туралы үндеуін қабылдамады. Соңғы мәліметке қарағанда, Израильдің шабуылдарынан қаза тапқан ливандықтар саны 630-дан асқан. Құрбандардың ішінде әйелдер мен балалар аз емес. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Америка Құрама Штаттары мен Франция Израиль мен «Хезболланы» атысты тоқтатып, 21 күнге ымыраласуға шақырды. Израиль әзірге бұндай бітімге қарсы.

Израиль өзінің солтүстігін атқылап жатқан ливандық шииттік қозғалысқа қарсы операцияны дүйсенбіде бастады. Содан бері Ливанның оңтүстігінде 636 адам қаза тауып, екі мыңнан астамы жараланды. Құрбандардың кемінде төрттен бірі – балалар мен әйелдер. Ондаған мың тұрғын үйлерін тастап кеткен.

Басам Мәулави, Ливанның Ішкі істер министрі:

Қазіргі уақытта 70 100 қоныс аударған адам тіркеліп, 533 шатырға орналасты. Бұл баспаналарды губернаторлар қамқорлыққа алып отыр.

Иранға арқа сүйеген «Хезболла» қозғалысы Израильдің теріскейін былтыр қазанда Газа секторында соғыс басталғанда зымыранмен атқылай бастады. Сондағы мақсаты – өзі тәрізді Тегеранның қолдауына жүгінген «Хамасқа» жәрдемдесу. Айта кетсек, палестиналық анклавта Израильдің шабуылдарынан бүгінге дейін 42 мыңға жуық адам жан тәсілім етті. Израильге сенсек, хезболлалықтар күзден бері Израильге 9 мыңдай ракета жіберген. Соның салдарынан еврей мемлекетінің теріскейінен 70 мыңдай адам көшірілді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-Министрі:

Мен сіздерге атқарып жатқан ісіміздің мән-жайын ашып айта алмаймын. Бір нәрсе анық – солтүстіктен көшкен халық үйлеріне оралуы керек. Сол үшін «Хезболлаға» соққы беріп жатырмыз.

Израиль эвакуацияланған халық үйлеріне толық қайтқанша, бұл операцияны тоқтатпайтынын ескертіп отыр. Осы елдің армия қолбасшысы Герци Халеви мәлімдегендей, авиациялық соққылардың мақсаты – тіпті Ливанға жаяу әскер кіргізіп, «Хезболланы» күйретуге әзірлену.


Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу