Қазақстандықтар көп ұзамай Марокко еліне визасыз бара алады. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясы аясында екі елдің сыртқы істер министрлері тиісті үкіметаралық келісімге қол қойды. Енді келісім күшіне ену үшін тараптар қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтауы қажет. Құжатқа сәйкес Қазақстан және Марокко азаматтарынан екі елдің аумағына кіру, шығу, транзитпен өту және уақытша болу үшін виза талап етілмейді. Дегенмен визасыз жүру мерзімі жарты жыл ішінде бір айдан аспауы аспауы тиіс.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
Бұл келісімге сәйкес екі елдің азаматтары бір біріне отыз күнге дейін визасыз бара алады. Әрине Марокко елі туризмнен басқа бізге экономикалық жағынан да қызық. Азаматтардың жүріп тұруын визасын режим өте жеңілдетеді. Сауда-экономикалық қарым-қатынастарға да серпін береді деген ойдамыз.
Осылайша Марокко биыл екі жақты визасыз режим енгізілген төртінші ел болып отыр. Жалпы еліміз тәуелсіздік алғалы бері әлемнің 43 мемлекетімен азаматтарды визалық талаптардан босату туралы екіжақты үкіметаралық келісім жасасқан.
Жалғас Сәдібекұлы