Пандемиядан кейін деменция көбейіп, «жасарып» барады. Статистикаға сүйенсек, елімізде бұл кеселмен ауыратын 10 мыңға жуық науқас бар. Алайда, психотерапевтер науқастардың саны ресми деректен 20 есе көп екендігін айтады.
Астаналық Асыл 30 жыл бойы автопаркте кассир болып жұмыс істеген. Зейнетке шыға сала, ұмытшақтық пайда болған. Көшеге қалай шығып кеткенін білмейтін деңгейге жеткен. Деменция дендеп, ауруханадан бірақ шыққан. 1 жыл үздіксіз ем алып, қазір есін жинаған.
Асыл, қала тұрғыны:
Пенсияға шыққаннан кейін білмеймін қайдан ұмытшақ болғанымды. Қазір бәрі ойыма келді. Қайда, қалай жатқанымды, неге келдім өзім де білмеймін. Аллаға шүкір, содан осы тәуір болып, мінекей 1 жыл болды. Аяғымда қолымда жүреді.
Деменция диагнозы қойылған науқастарға дер кезінде күтім жасалмаса ауру асқынып кетеді. Тіпті, науқас өз-өзіне зиян келтіруі мүмкін, - дейді мамандар. Көпшілігі бұл дертті кәрілікке балайды. Сөйтіп, кей қариялар ем-домсыз қалатын көрінеді.
Бибігүл Какежанова, деменцияға шалдыққан жандарға күтім жасайтын орталықтың басшысы:
Дәрігерге көрінбеген үйде өздері жалғыз жүретін адамдарда сондай проблемалар бар. Деменция деген ауру есейіп бара жатыр. 50-55 жастағы адамдардың деменция деген диагноздары бар. Көпшілігі қазақылыққа салынып, емделмейді. Жас келді дейді.
Елімізде 2,5 млн зейнеткер бар. Дерекке жүгінсек, 10 мыңға жуық адамға деменция диагнозы қойылған. Іс жүзінде 200 мың-дай науқас бар. Пандемиядан кейін науқас саны күрт артқан ,- дейді психотерапевт.
Жібек Жолдасова, психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты:
Ресми статистика бойынша бізде 10 мың пациенттер деменциямен ауырады. Екі жүзден асып кетеді. Бірақ соны ешкім қарамайды, ешкім диагностика жасамайды. Ол үлкен мәселе.
Деменцияға әкеп соғатын бірнеше негізгі фактор бар. Ол: ұзақ стресске түсу, депрессия, әлеуметтік оқшаулану, дене қозғалысының болмауы, ішімдік, дұрыс тамақтанбау, суды аз ішу және білімсіздік. Аурудың алдын алу үшін ми үнемі жұмыс істеу керек. Яғни, есеп шығарып, кітап оқу керек және әрбір адам жылына бір рет дәрігер тексерісінен өткен жөн. Егер диагноз уақытылы анықталса, ауруды асқындырмай емдеуге болады. Тіпті, науқастар жазылып кетуі ғажап емес дейді медицина ғалымдары.
Сәуле Тұрұспекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тәуелсіз өкілі, медицина ғылымдарының докторы:
Дәрігер деменция диагнозын қойып, дәрі-дәрмек жазып берсе, мемлекеттен тегін берілетін 2 медикамент бар. Бірақ науқастар мұны пайдаланбайды. Барлық өңірде мамандар бар. Дәрігер тапшылғы жоқ. Сондықтан қоғамды профилактика тәсілдері мен қолда бар ресурстар туралы хабардар ету өте маңызды.
Жүйке жасушаларын біртіндеп бұзатын деменция көбінде елене бермейді. Десе де, халықаралық сарапшылар бұл дертті «21-ғасыр обыры» деп атап кетті. Бұл індетпен әлемде 55 миллионнан астам адам ауырады. Жыл сайын 10 миллионға жуық жаңа жағдай тіркеледі.
Динара Жарқынбек