Жетісуде қызылша жинау науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісуде қызылша жинау науқаны басталды

28.09.2024

Жетісу облысында қант қызылшасын жинау науқаны басталды. Биыл өңір шаруалары 14 мың гектарға жуық алқапқа тәтті түбір сеуіп, 600 мың тоннадан астам өнім жинауды жоспарлап отыр. Облыстағы екі қант зауыты қант қызылшасын қабылдауға кірісті. Ал Ақсу қант зауыты Жамбыл облысының шаруаларының өнімін қабылдап жатыр.

Биыл өңір шаруалары 14 мың гектарға жуық алқапқа тәтті түбір сеуіп, 600 мың тоннадан астам өнім жинауды жоспарлап отыр. Облыстағы екі қант зауыты қант қызылшасын қабылдауға кірісті. Ал Ақсу қант зауыты Жамбыл облысының шаруаларының өнімін қабылдап жатыр.

Алакөл ауданында қант қызылшасын жинауға алғашқылардың бірі болып Көлбай ауылының шаруалары кірісті. Тәтті түбірден табыс мол деген Самат Мұқашев жаңа техника алып, өнімді ысырапсыз қазып жатыр. 800 млн теңгеге қант қызылшасын себуден бастап, жинауға қажет трактор, комбайн толық қамтылды.

Самат Мұқашев, шаруа қожалығының жетекшісі:

Міне қазір «ботворез» келді. Баяғыдағы «ботворездерде» құр щетка болатын. Дұрыс ала алмайтын. Қазір тап-таза қылып бір-ақ рет өтеді. Комбайнымыз жылдам. Артында міне түк те қалып жатқан жоқ.

Ақсу қант зауытына Ақсу, Сарқан және Алакөл ауданынан өнім қабылдау басталды. Үш өңірден шамамен 220 мың тонна тәтті түбір келу керек. Мұнан бөлек Жамбыл облысынан да қант қызылшасы келіп жатыр.

Ерік Нұрпейісов, Ақсу қант зауыты директорының орынбасары:

Талдықорған өңірінен 100 мың тоннадай күтіп отырмыз. Жамбылдан 100 мың, сонда барлығы 400-450 мыңдай тәтті түбірді күтіп отырмыз.

Биыл аймақта ауа райы қолайлы болып, шаруалар аста төк өнім жинап жатыр. Өңірдегі екі қант зауытында да қарбалас сәт.

Өздеріңіз көріп тұрғандай күн ұясына батса да, Ақсу қант зауытында жұмыс қызу жалғасып жатыр. Өйткені қабылдау пунктіне кірген әрбір жүк көлігіне қызмет көрсетіп қабылдап үлгеру керек. Егер қазіргі таңда таңғы сағат 7 ден кешкі сағат 7-ге дейін қабылдау жұмыстары жүргізіп жатса, алдағы уақытта жұмыс кестесін одан әрі ұзартуы әбден мүмкін.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу