Дамыған елдер мен даму банктері климаттық өзгерістермен тиімді күресу үшін дамушы елдерге жасыл технологияны ұсынуы тиіс. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйлеген Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу осындай бастама көтерді. Қазақстан сондай-ақ әлем елдерін жасанды интелектіні пайдаланудың стандарттарын әзірлеуге шақырады.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Жаһандық қауіпсіздік, климаттық өзгерістер мен ядролық қарусыздану. Бұл мәселеге әлем ерекше мән беріп, бірлесіп жұмыс істеуі керек. БҰҰ-ның мінберінен сөз сөйлеген министр Мұрат Нұртілеу Қазақстанның ұстанымдарын жеткізді. Бұл орайда БҰҰ-ы тиімді әрі сенімді ұйым болып қалуы үшін оны реформалу қажетін тағы да еске салды. Яғни қауіпсіздік кеңесінде дамушы елдердің де үні естілуі тиіс. Сондай-ақ министр климаттық өзгерістердің салдарын азайту жайына да тоқталды. Биылғы жыл болжам бойынша, тарихтағы ең ыстық жыл болмақ деген дипломат жуан елдер нақты іс жүзінде әрекет етуі керегін ескертті.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
Біз «Жиырмалық топ» елдерін және көпжақты даму банктерін Париж келісіміне сәйкес табысы төмен және орташа елдерге жасыл технологиялар мен жеңілдетілген қаржыландыруды ұсына отырып, жауапкершілік танытуға шақырамыз. Әлемдік шығарындылардың тек 1 пайызын құрайтынына қарамастан, біздің өңір жаһандық жылынудың алдыңғы қатарында. Орталық Азия 2050 жылға қарай температураның орташа деңгейден 2,5 градусқа жоғарылауына тап болады.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Биылғы сессиясының тағы бір ерекшелігі – жасанды интеллект мәселесі ұйым тарихында алғаш рет көтерілді. Себебі ЖИ-дің экономикаға пайдасымен қатар жаһандық қауіпсіздікке ықпалы халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр. Кибершабуылдар, ақпараттық соғыстар, терең дипфейктер жасау арқылы интернет қылмыстардың көбеюі соның бір мысалы. Сондықтан осы сессияда ЖИ қолдану бойынша ортақ қағидалар мен стандарттарды әзірлеуге жауапты арнайы жұмыс тобы құрылу жайы талқыланды.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
Қазақстан БҰҰ осы революциялық бағытта жетекші рөл атқара алады. Біз технологиялық және цифрлық тұрғыда дамыған мемлекеттерді Жасанды интеллектті барынша жауапты және бейбіт жолмен басқару үшін жалпы этикалық нормалар мен стандарттарды әзірлеуге шақырамыз. БҰҰ-ның Жасанды интеллект жөніндегі офисін құру осы бағыттағы маңызды қадам болар еді.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты бейбітшілік пен келісімге негізделген. Мұрат Нұртілеу Біріккен Ұлттар Ұйымының келер жыл болатын 80 жылдық мерейтойына орай барлық елді ынтымақ танытып, жарқын болашақ үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Айта кетейік, жиырма күнгі жуық созылған 79-сессия бүгін аяқталды.
Жалғас Сәдібекұлы