Түркістан облысында 100 жастан асқан 64 қария тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 100 жастан асқан 64 қария тұрады

01.10.2024

Бүгін – қарттар күні. Түркістан облысында 100 жастан асқан 64 қария тұрады. Ғасыр жасаған әжелердің бірі Қызылкүл Алтынбекқызы бүгінде 102 жасқа келіп, жетпіске тарта немере мен шөбере сүйіп отыр. Елдің құрметіне бөленген абыз анамен әріптесім Айнұр Әбілқасымқызы кездесті.

Сайрам ауданының Ақбұлақ ауылында тұратын Қызылкүл әже немере, шөберелеріне ән айтқанды ерекше жақсы көреді. 1922-жылы өмірге келген кейуана ашаршылық пен екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарына куә болған. Қиын қыстау заманда еңбектен қол үзбеген жанның қайсарлығын ауылдастары үлгі тұтады.

Асқар Тоқбаев, ауыл тұрғыны:

Бұл кісі колхоздың аспазы болып істеген. Сол пенсияға шыққанша аспаз болып істеді. Күннің ыстығына, суығына қараған жоқ. Халықтың бәріне ауқат беріп, бәрі риза болды. Соның арқасы шығар ұзақ жасап отырғаны. Ауылдың келіндері үлгі алады, өнеге алады. Келіп құрметтеп тұрады.

Екі ғасырдың куәсі әлі де қуатты. Өзі жүріп тұрады. Жиі ауыра бермейді. Ұзақ жасауымның сыры еңбекте дейді ол. Сосын, дұрыс күтімнің арқасы. Кейуана үшін келіні екі биені сауып, саумалын ішкізеді.

Гүлсім Қуандықова, келіні:

Биенің ағарған сүтін ішіп, айран ішеді. Күніне 3-4 мезгіл сауып, сүтінен жылытып береміз. Осы ағарғанның арқасында апамыздың жасы ұзақ болған шығар дейміз.

Қарттар күнінде кейуананы жергілікті аудан басшылары да арнайы құттықтап, құрмет көрсетті. Сегіз перзенттен 70 ке тарта немере мен шөбере сүйген Қызылкүл әжені ауылдастары ардақтап, төрден түсірмей келеді.


Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу