Талды археологиялық кешенінің аумағы ұлғайтылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талды археологиялық кешенінің аумағы ұлғайтылып жатыр

02.10.2024

Қарағанды облысында көктемде су шайып кеткен Талды археологиялық кешеніне баратын жалғыз өткел жақында қайта салынды. Өңірдегі қола дәуіріне тиесілі Беғазы-Дәндібай мәдениетінің аумағы ұлғайып жатыр. Мәселен, биыл 6 аумақта археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Тиісінше, туристер саны да артпақ.

Талды өзенінің бойындағы Қаражартас қорымына төтесінен өтетін жалғыз жаяу жүргінші өткел осы. Көктемде жаңа көпір құрылысы басталған. Алайда тасқын су бір сәтте өткелдің бетон тіректерін қиратып кетті. Құрылысқа бастапқыда жергілікті бюджеттен 22 миллион теңге бөлінген. Ал сәуір айында қираған өткелді қайта істеуге тағы 12 миллион теңге жұмсалды.

Қайыржан Молдашурин, мердігер:

Орнына қоюға май айында қайтадан жұмысқа кірістік. Енді міне көктемде шайды мостымызды. Енді одан да мықты қылып жасадық. Көп жылдар қызмет етеді деп сенеміз.

Өткеннен қалған мұраға жалғыз баратын жол - осы өткел, сондықтан да маңызы зор. Себебі 100 метр жерде әйгілі «Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын 50-ге жуық қорым бар.

Жандос Бақытұлы, тілші:

Бұл «Сарыарқа пирамидасы» аталып кеткен Қаражартас қорымы. Биыл да бұл жерлерде археологиялық қазба нысандары табылды. Солардың бірі сақ дәуіріне тиесілі алтын қанжар. Болашақта бұл жердің барлығы үлкен туристік нысандар аймағына айналмақ.

Ал бұған дейін «Сеңкібай-2» қорымынан археологтар қарама-қарсы жерленген қос жылқының сүйегін, қыш ыдыстар, қола моншақтар мен әшекей заттарды, Жаңажұрт қорымынан алтыннан құйылған сырға, сақиналарды тапты. Қыпшақ кезеңіне жататын тұрақ та зерттеліп, балбал тастар табылды.

Жанболат Мәжитов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ескерткіштерді қорғау орталығы басшысының орынбасары:

Қазақстанды өзіміздің жер байлығымен, көмірімізбен, темірімізбен, алтынымызбен бүкіл әлем таниды. Енді бүкіл әлемге біздің тарихымыздың терең екенін, сонау тас дәуірінен басталып, үлкен бір мәдениеттің осы жерде болғанын археологиялық қазба жұмыстары барысында дәлелдеп көрсетуіміз керек. Талды археологиялық паркін құру мақсатымыз осы.

Жалпы Талды археологиялық кешені тас дәуірінен бастап ХХ ғасырдың басына дейінгі тарихқа тұнып тұр. Тек келетін жиһангездерге жағдай жасалып, кеңінен насихатталса, - дейді ғалымдар.


Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу