Жамбыл облысында жер туралы жалған есеп берген 30-ға жуық шенді жазаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жер туралы жалған есеп берген 30-ға жуық шенді жазаланды

02.10.2024

Жамбыл облысында жалған статистика үшін жұмыс істейтін әкім көбейді. Аймақта жайылым жер жетіспей жатқанда, аудан әкімдері 230 мың гектар жерді еш игермей, қағаз жүзінде пайдаланып келген. Тіпті «телімдерді толық игерудеміз» деп 8 жыл бойы жалған есеп берумен айналысыпты. Бұған жол берген 30-ға жуық шенді жазаланды.

Бүгінде Жамбылда 164 мың гектар жайылым жер жетіспейді. Сондықтан шаруалармен қосылып әкімдер де жер іздеп жүр. Атқамінерлер «Артық жерің болса бере қал» деп кәсіпкерлермен келісімге келудің амалына көшкен. Мәселен Байзақ ауданындағы бұқара өріске мал өргізе алмай әлек. Сондықтан әкім қаралар қожалықтардың егістігіне сұрау сала бастаған.

Жұмабек Шайхиев, Сазтерек ауылдық округінің әкімі:

Мал басына шағатын болсақ, бізге әлі 1 567 гектар жер қажетті. Енді ондай жерді табу әрине мүмкін болмаған жағдайда, біз мал бордақылау алаңдарын соғып, жерді шаруақожалықтарымен бірлесіп, меморандум мақсатында егістерін жинап алғаннан кейін, малды жаю әрекеттеріне көшіп, тығырықтан шығу жолдарын жасап жатырмыз.

Ал аймақтың агро саласына жауаптылар аудан әкімдерінің сапаға емес, санға жұмыс істейтіні мезі қылды дейді. Шенділер соңғы сегіз жыл бойы игерілмеген 135 мың гектар алқапты пайдаланып отырмыз деп жалған есеп беріп келген. Салдарынан Жамбылдың жалпы егістігі 760 мың гектар деген ақпаратқа аймақтың бірінші басшылары да сеніп келген екен.

Әбдірасыл Желеубаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары:

135 мың гектар жыл сайын тек таза қағаз жүзінде, статистика үшін ғана егіліп отырған. Оны қолданбаса өздеріңіз білесіздер бірінші жылы ескерту береді, екінші жылы ол жерді тартып алады. Бір жағынан сол көрсеткіштерді жабу, екінші жағынан өңірге түсетін, өсімдік шаруашылығына түсетін өнімді соның есебінен жабу.

Аудан шенділері алқап көлемін артығымен көрсету арқылы өндірілген өнімді, мал саны мен техника есебін сәйкестендіргісі келген. Тексере келе техникасы түгел болмай, малдары да ізім-ғайым жоқ болып шыққан. Ал мұндай қулыққа жоғары тұрған басшылықтан «Жақсы жұмыс істеп жатырсың» деген мақтау есту үшін барған.

Мақсат Ақынбек, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:

230 мың гектар, 1 300-ге жуық ауыл шаруашылық жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, яғни, 28 лауазымды тұлға әртүрлі тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Заң бойынша жер иесі игерілмеген алқап үшін салықты 20 есе көп төлейді. Сондықтан мемлекет меншігіне алынған телімдердің 70% егелері өз еркімен қайтарған.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Атшаптарым алқаптарды иелігіне алып игермей отырғандар агро саланы артқа тартып, көрсеткіштерді кемітеді. Ал егіс көлемін еселеп көрсетудің ебін тапқандардың кесірі де одан кем емес. Аймақта соңғы алты айдың өзінде 550 телім қараусыз қалған. Яғни жердің шекара қазығы қағылып, қағылған күйінде қала берген.


Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу