Депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуі керек. Сонымен бірге, өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында айтты. Енді депутаттар "айтылған сын-ескертпелерді ескере отырып, кемшіліктерді түзетуге барымызды саламыз", - дейді. Қазірдің өзінде формальді сипатта есеп беруден біртіндеп арылып жатқанын жеткізді. Оның үстіне, "тұрғындармен жиі кездесуді қолға алдық", - деді.
Сонымен бірге, әлеуметтік желідегі парақшаларында да барлық өзгеріс пен бастамалар туралы хабардар етуге тырысып жатқандарын айтты.
Зарина Қуатова, Тараз қалалық мәслихатының депутаты:
Президентіміз мәслихат депутаттарының алдына нақты міндеттерді қойды. Оның ішінде жергілікті билік пен әкімдердің мәслихат депутаттарымен бірлесе халықтың жағдайын жақсарту жолында еңбек ету керек деп қадап айтты. Осындай міндеттер барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына өзінің сайлауалды бағдарламасын қайта қарап, ел игілігі жолында еңбек етуге сеп болады деп ойлаймын.
Ақылбек Данабекұлы, Қосшы қалалық мәслихатының депутаты:
Әр мәслихат депутатының өзіне бекітілген округтары, учаскелері бар. Сол бойынша, әр апта сайын болмаса да әр 2 апта сайын тығыз байланысып, халықтың көкейіндегі сұрақтарды шешуге мәслихат депутаттары бірлесе ат салысып жатыр. Енді қазір біз көпірміз ғой, атқарушы орган мен мәслихат депутаттары. Бүгінгі мына форумның өзінде де үлкен септігін тигізіп жатыр.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мәслихат депутаттарын қуантқан жаңалықтың бірі – біліктілікті арттырып, кәсібилік деңгейін көтеру. Мемлекет басшысы бұл іске Мемлекеттік басқару академиясын тарту туралы айтты. Бұдан бөлек, жиынға қатысқан жас депутаттар Президент артқан сенімді ақтау үшін жұмысты күшейтетінін жеткізді.
Талғат Балтабаев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:
Депутаттардың ішінде: біреуі кәсіпкер, әртүрлі саланың өкілдері ғой сондықтан, біліктілікті көтеріп тұрған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, мәслихатта қаншама мәселе қаралады. Оның әрқайсын қарағанда ортамызда дәрігер де журналист те секілді басқа да мамандық иелері бар. Бірақ, оның барлығын былай ұштастыратын кезде осындай оқулар өткізіліп отырған дұрыс деп ойлаймын.
Айбек Сұлтанмұрат, Түркістан облысы, Жетісай аудандық мәслихатының депутаты:
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көтергені өте өзекті мәселелер. Ең алдымен, жастарға мол сенім мен үміт артып отырмыз, деді. Мін айтпай сын түзілмейді, дейді ғой. Сол себепті, Жастар, бізге көбінесе жұмысты одан әрі қарай күшейту керек, деп ойлаймын.
Асылбек Данияр