5 қазаннан бастап референдум туралы үгіт-насихат жүргізуге болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

5 қазаннан бастап референдум туралы үгіт-насихат жүргізуге болмайды

04.10.2024

5 қазаннан бастап реферандум туралы үгіт-насихат жүргізуге болмайды. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты. Ол қоғамдық пікірге сауал салу қорытындысын, референдумға байланысты өзге де зерттеулер мен дауыс беру нәтижесінің болжамын, дауыс берілетін күні БАҚ-та және онлайн платформаларда жариялауға болмайтынын ескертті.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:

Үгіт бүгін сағат 00:00-де аяқталады. Ертең 5 қазан тыныштық күні. Бұл жерде ешқандай үгіт жүргізуге болмайды. Тыныштық күні және дауыс беру күні үгітке байланысты кез келген әрекетке тыйым салынады және бұл үшін заңда құқықтық жауапкершілік қарастырылған. 

Референдумда республика бойынша 10 мың 323 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Дауыс беру құқығына ие 12 млн 244 мың 683 адам бар. Таңдау жасау кабинасына бір мезетте екі адам кіруге болмайды. Тек ерекше жағдайдағы азаматтар ғана көмекшіге жүгіне алады. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Қазақстаннан тыс 59 елде 74 учаскелік комиссия құрылған. Сол жерде 12 мыңнан астам отандасымыз дауыс бере алады. Ал, Ливан, Иран және Израильдегі 228 Қазақстан азаматы референдумда дауыс бермейді. Бұл - Таяу Шығыстағы жағдайдың айтарлықтай шиеленісуімен байланысты,-дейді ведомство өкілдері. Сондай- ақ бүгін Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров АҚШ, Беларусь, Түркия, Молдова мемлекеттерінен келген халықаралық байқаушылармен кездесіп, алдағы халықтық таңдаудың өту барысы туралы талқылады.

Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу