Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады

05.10.2024

Бүгін ұстаздар қауымы үшін ерекше күн. Мерекеде Президент бір топ педагогты жинап, білім саласындағы арнайы сыйлықтарды табыстады. Аса жауапты міндетті абыроймен атқарып жүргені үшін алғыс айтты, мерекелерімен құттықтады.

Бұдан соң Президент еліміздегі ең үздік 23 мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» медалін табыстады. Оны кеудесіне таққандардың бірі – Күліш Төлеуханова. Қазақ тілі әдебиеті пәнінен жарты ғасырдан астам уақыт сабақ береді. Мұғалімдер әулетінен шыққан мерейлі ұстаз қуынышын жасыра алмады.

Күліш Төлеуханова, ардагер ұстаз:

Ұстаздар династиясынан шықтым. Әкем 50 жыл еңбек еткен. Өсиетін орындадым. Үмітін ақтадым. Бүгін Қазақстан Республикасының құрметті ұстазы атанып тұрмын.

Бүгінде мәртебелі мамандық иелеріне жүктелетін жауапкершілік ауыр. Осы жолда тынбай еңбектенген Сания Тілеубай да үздіктердің қатарында. Мәртебелі мұғалім «ұстаздың мерейі – шәкірттің жетістігімен өлшенеді» дейді.

Сания Тілеубай, мектеп директоры:

Алдымызда отырған әрбір шәкірт өмірден өз орынын тауып, еліміздің нағыз отан сүйетін патриоты болып шықса, ұстаз бақыты сонымен еселенеді.

46 жыл математика пәнінің мұғалімі болған Күшай Тертікбаев білім саласында ер азаматтардың қатары артады деп сеніп отыр.

Сондай-ақ Президент саладағы оң өзгерістерге тоқталды. «Ұстаз мүддесі мен құқығын қорғау үшін «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы өсті. Академиялық дәрежесі бар болса, үстемақы қосылады. Халықаралық олимпиада жеңімпазын дайындаған мұғалімдерге де сыйақы бар. Ал педагог мамандығы бойынша білім алатындардың шәкіртақысы 2 жарым есе артты. Нәтижесінде мұғалім болуға қызуғушылар көбейді», - дейді Президент.

Бүгінде жауапкершілігі мол салада басшылық қызметке ұмтылатындар аз. Кадр тапшылығын жою үшін Президент тапсырмасымен мұғалімдер арасында көшбасшыны іріктеу әрі даярлау бойынша арнайы жоба іске қосылған. Бастама Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісінде дайындалды. Оған қатысқан 134 педагог бүгінде мектеп директоры болып тағайындалған. Мектеп тапшылығы мәселесі де күн тәртібінде. Келесі жылы 217 білім ошағы салынып, 460 мың бала қамтылады.

Технология дамыған заманда білім беру процесін цифрландыру мен мектептерді интернетпен қамту маңызды. Президент бұл бағытта кешенді жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Әлеуметтік желінің кері әсері мен бала тәрбиесіндегі ұстаздың рөлі жайында сөз қозғады. Дегенмен ұрпақ тәрбиесіне ұстаздар ғана емес, ата-ана да атсалысуы қажет. Осылай деген президент мұғалімдердің пандемия және су тасқыны кезінде еңбегін жоғары бағалады.

Елімізде бірнеше ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұстаздар әулеті баршылық. Президент енді мұндай отбасыларға айрықша мән берілетінін айтты. Әрі ұстазды қоғамымыздағы ең басты кейіпкер ретінде дәріптеу негізгі мақсаты екенін де жеткізді. Себебі ел дамуына бірден-бір үлес қосып жатқан да осы педагогтер.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу