Мен Қазақстанның болашағы үшін дауыс бердім - Мемлекеттік кеңесші - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мен Қазақстанның болашағы үшін дауыс бердім - Мемлекеттік кеңесші

06.10.2024
0:00:00
0:00:00

Мен Қазақстанның болашағы үшін дауыс бердім. Осылай деген, Парламент палаталарының төрағалары, үкімет және Президент Әкімшілігінің басшысы, Мемлекеттік кеңесші референдум учаскелеріне барып таңдауларын жасады. Сондай-ақ, олар журналистердің сұрақтарына жауап беріп, референдумның маңыздылығы туралы айтты.

М.Әшімбаев: Осы референдум – Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды қадам

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев АЭС салуға қатысты референдумда елордадағы №164 дауыс беру учаскесінде өз таңдауын жасады. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында «Осы референдумды Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды қадам» екендігін айтты.

Мәулен Әшімбаев - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Осындай ауқымды, маңызды іс-шараларда халықтың пікірін естіп, ескеріп мемлекеттік органдар шешімдер қабылдайтын болса, біз барлық мақсатқа жетеміз. Қазақстанды дамыған демократиялық мемлекет ретінде қалыптастырамыз.

Ерлан Қошанов: Мемлекет болашағы үшін халық шешім қабылдайды

Бүгін Қазақстан үшін маңызды шешім қабылданып жатыр. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ғимаратында орналасқан рефрендум учаскесінде дауыс берген Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Таңдауын жасағаннан кейін ол тілшілердің сұрақтарына жауап беріп, референдумның маңызына тоқталды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Бүгін мемлекетіміз үшін өте маңызды күн. Мемлекеттің болашағына қатысты, болашақ тағдырына қатысты шешім қабылданып жатыр. Бұл шешімді халық қабылдап жатыр. Мен ойлаймын ең негізгі мәселе осы. Біз мемлекет басшысының жариялаған конституциялық реформаны қабылдадық. Негізгі мақсаты қандай? ол әр адамның, әр азаматтың мемлекеттің саяси өміріне еркін араласуы. Бүгін міне соның нақты көрінісі деп ойлаймын.

Премьер-Министр референдумда дауыс берді

ҚР Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов те, өз таңдауын жасады. Ол Астанадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы ғимаратында орналасқан №61 сайлау учаскесінде дауыс берді. Премьер-Министр үкімет өкілдерінен алғаш болып азаматтық таңдау жасағандардың бірі болды.

Президент әкімшілігінің басшысы дауыс берді

Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай да бүгінгі референдумда дауыс берді. Ол Президент орталығында орналасқан №211 референдум учаскесіне барып, АЭС салу мәселесі бойынша өз таңдауын жасады.

Е.Қарин: ТМД және Орталық Азияда АЭС салу мәселесі бойынша референдум алғаш рет өтіп жатыр

Жалпы ТМД және Орталық Азияда АЭС салу мәселесі бойынша референдум алғаш рет өтіп жатыр. Мемлекеттік кеңесші осылай деді. Ерлан Қарин Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Тәуелсіздік мемлекеттер достастығы кеңістігіндегі Орталық Азияда осындай мәселе бойынша референдум өткізіліп отырған алғашқы мемлекетпіз. Бұл негізі көп нәрсені аңғартады.

Оның айтуынша, бүгін өте маңызды күн, еліміздің әр азаматы өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, өз дауысын бере алады. Референдум маңызды шешім қабылдаудан бөлек, елімізде демократияның жылдам дамуына жол ашатын науқан.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу