АҚШ-та дауыс берушілердің белсенділігі арта түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та дауыс берушілердің белсенділігі арта түсті

06.10.2024
0:00:00
0:00:00

Қазақстандағы учаскелер жабылып, комиссиялар дауыстарды санап жатса, АҚШ-та дауыс берудің нағыз қызған шағы. Сан-Франциско қаласында тіпті учаскелердің ашылғанына бір сағат қана болды. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы толықтырады.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

АҚШ-тың үш қаласында дауыс беру учаскелері жұмыс істеп тұр. Екі елдің арасында кемі тоғыз сағат уақыт айырмашылығы бар. Ел астанасы Вашингтон мен қазақтар көп шоғырланған Нью-Йоркте қазір түскі 12. Сондықтан дауыс беру белсенділігі артқан кез. Десе де осы кезге дейін ондаған адам таңдауларын жасап үлгерді. Cолардың қатарында Диляра Мұхамедияров ең жас дауыс беруші болды. Он сегізге енді толған қазақ қызы алғаш рет азаматтық борышын өтеді. Жалпы, Америка төрінде дауыс берген қазақстандықтар ел үшін тағдыр шешті мәселе көтеріліп жатқанда бейтарап қала алмадық дейді.

Әнуар Нұрпейісов, Қазақстан азаматы:

Бұл жерде Қазақстанның бүгінгі күні ғана емес, Қазақстанның ертеңгі күнгі біздің бала-шаға немере шөберелердің де болашағы шешіліп жатқандықтан менің патриоттық сана сезімім мені осында әкелуге мәжбүрледі.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші

Іргелі мәселелерді ел талқысына салып, ақылдаса отырып шешу – демократиялық мемлекеттің жолы. Сондықтан дауыс берушілердің сөзінше, референдум «келісіп пішкен тон келте болмас» дейтін қазақы дәстүрдің жалғасы.

Айта кетейік, Астанамен арада он екі сағат уақыт айырмашылығы бар Американың Сан-Франциско қаласындағы сайлау учаскесі әлем бойынша ең соңғы болып жабылады.


Хабарламаларға жазылу