Ядролық физика институты Түрік орталығымен бірлесе жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ядролық физика институты Түрік орталығымен бірлесе жұмыс істейді

07.10.2024

Ядролық физика институты Түркияның TÜBİTAK ұйымымен бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Енді қос зерттеу орталығы ядролық физика саласын ілгерілетіп, радиофармацевтикалық препараттар өндірісін дамытпақ. Меморандумға Алматыда өтіп жатқан «Ядролық ғылым және технологиялар» атты Халықаралық ғылыми форумда қол қойылды.

Жиын академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған. 5 күнге созылатын дәстүрлі шараға отандық ғалымдар мен әлемнің 15 елінен 300-ден аса сала мамандары қатысуда. Халықаралық басқосуда әлемнің жетекші ғалымдары ядролық физика, атом энергиясы, радиациялық экология және талдау әдістерін талқылайды.

Сондай-ақ, медицина, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығындағы ядролық және радиациялық технологиялардың рөлі де сөз болады. Шара аясында Ұлттық ғылым академиясы жанынан Еуропа ядролық зерттеулер ұйымының ғылыми-техникалық орталығы ашылғаны хабарланды. 

Шарлотта Линдберг-Варакаулл, Еуропа ядролық зерттеулер ұйымының халықаралық қатынастар жөніндегі директоры:

Қазақстанның ғылыми зерттеулер жүргізуден бай тарихы бар. Жастардың ядролық физика саласына қызығушылығы жоғары. Қазір Қазақстанның жас мамандары Еуропа ядролық зерттеулер ұйымымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Болашақта да бірлескен жобалар жалғасын тауып, тың зерттеулер жүргізіле береді.

Қуан Нұрақын



Хабарламаларға жазылу