Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Марбург вирусының өршуі туралы ескертуінен кейін Денсаулық сақтау министрлігі эпид жағдайды бақылауды күшейтті. Халықаралық әуежайлар мен шекара бекеттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүзеге асырылуда.
Бұл туралы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Сарқыт Бейсенова хабарлады. Марбург – сирек кездесетін, геморрагиялық қызба тудыратын қауіпті инфекция. Аурудың негізгі ошағы - Африка елдері.
Вирус жануардан адамға және адамнан адамға жұғады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі жабайы аңдардан сақ болуға, жарқанаттар жүретін үңгірлер мен шахталарға бармауға кеңес береді. Ауру белгілері - дене қызуы көтерілу, іш өту, құсу. Мұндай белгілер байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар қазақстандықтарға шетелге шыққанда профилактикалық шараларды сақтауды ұсынады.
Айя Мүтәлі