Павлодар мен Қарағанды облысында 35 мың гектар жер өртеніп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар мен Қарағанды облысында 35 мың гектар жер өртеніп кетті

07.10.2024

35 мың гектар алқап отқа оранды. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданынан басталған өрт Баянауыл аумағына дейін тарады. Тіпті, өрт сөндірушілердің өзі от құрсауында қалып, күйік шалған үшеуі ауруханада жатыр. Ал, 33 жастағы сержант Хали Хайрат қаза тапты. Дәл қазір Павлодар облысындағы тілшіміз тікелей байланыста. 

Болат Аманбаев, тілші:

Мендегі ресми мәлімет бойынша тілсіз жау таралмайтындай қылып құрсау жасалған. Бірақ әр жерде отты сөндіріп жатыр. Екі облыстан ғана емес, Астана және Абай облысынан көмекке келген 600-ден аса маман жұмылдырылды. Қатты лаулап жанған жерлерге күндіз 4 тікұшақ әуеден су бүрікті. Негізгі нәтиже содан деп айтуға болады. Өйткені, кешеден бері бұл жақта желдің екпіні күшті. Әзірге мал шығыны туралы еш мәлімет айтылмайды. Өрт шыққан аумаққа ең жақын орналасқан Баянауыл ауданының Желтау елдімекенінде алты үйдің тұрғындары тегіс қауіпсіз жерге Жұмат Шанин ауылына көшірілді. Ол жөнінде оқиға куәгерін жазып алған едік. Мәдина Жанатованы тыңдап алсақ.

Мәдина Жанатова,  Желтау ауылының тұрғыны:

8 бала болды. Қаладан келген балалар болды. Сосын әйелдерді бізді көрші ауылға апарды. Түтін қатты болды. Ауылдың ішін түтін басып кетті. 

Болат Аманбаев тілші:

Тұрғындар қатты қорыққан, бірақ зардап шеккендер жоқ. Ал, енді бұл өрттің шығу себебі жайлы түрлі мәлімет айтылады. Бір анығы тілсіз жау Баянауылға Қарағандының Қарқаралы жағынан келген. Тағы бір дерек Талды ауылы аумағында жер талғамайтын екі көлікке мінген аңшыларды көргендер бар. Сол екі Jeep сайдан қыратқа көтеріліп кете барған. Артынша жалын лап етті деген мәлімет бар. Бірақ оның анық-қанығын арнайы органдар анықтар. Осы өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу