Қарағанды облысында көмір бағасы қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында көмір бағасы қымбаттады

07.10.2024

Қарағанды облысында күн суытқалы көмір алуға жанталасқан жанның қарасы артты. Биыл жылдағыдай қарбалас жоқ, бірақ әдеттегідей қара алтын бағасы қымбаттаған. Шарықтаған бағадан Ақтоғай халқы қиындық көруде. Толығырақ тілшіміз Жандос Бақытұлы анықтады.

Зүлфия Болатова Ақтоғай ауданында қарапайым жер үйде тұрады. Өзі 3-топтағы мүгедек. Күн суытып, пеш жағуға қамданған ауыл тұрғыны көмірге ақшасы жетпей қиналуда. Себебі аудан басында көмірдің тоннасы 30 мың теңге. Қалта көтермейтін ақшаға ашынған жұрттың ашуынан кейін баға сәлде болса түскен. Сондағысы, қазіргі құны 28 мың теңге.
Зүлфия Болатова, Ақтоғай ауданының тұрғыны:
Көмірге жеткіземіз бе ақшаны? Әлде дүкенге жеткіземіз бе қалай? Мысалы тамақтан да қарызға аласың. Киімнен де аламыз қарызға. Анда да, мында да қарыз аламыз. Ал көмірді кім нетеді? 28 мың көмір деген болатын жағдай емес. Көмірдің үстінде отырып, осындай жағдайға 28 -30 мыңға жетті.
Статистика бойынша облыстағы орташа баға 19 мың теңге. Баға былтырға қарағанда 5 мың теңгеге артқан. Ең қымбаты осы - Ақтоғай ауданында.
Ақдидар Рымбек, Облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы:
Темір жол тарифі өсті және Шұбаркөлдің бағасы биржада 10% өсті. Ең үлкен баға сол Ақтоғай кентінің өз басында 26 мың теңгені құрайды.
Бірақ темір жолсыз ақ көмір таситын кәсіпкерлер де жеткілікті. Олардың ақталар уәжі басқа. Айтуларынша қымбатшылыққа салық әсер еткен.
Андрей Белов, «Рапид» ЖШC директоры:
Бағаны неге көтердік ? Бұрын салық кодексінде бізге арнайы жеңілдіктер болған. Яғни тастанды көмір өшін салық төлемедік. Ал биыл оны алып тастады. Енді мемлекетке беретін бұл ақшаны қайдан аламыз?
Жауаптылардың сөзіне сенсек бағаға әртүрлі фактор әсер еткен. Бірақ, артық шығынның бәрі халық қалтасынан шығуда. Қазіргі таңда облыс халқының 65%-ы көмірмен қамтылып, 55 сату нүктесі ашылған. Әкімдік алдағы уақытта шарықтаған бағаны қалыпқа түсіреміз, деп сендірді.

Жандос Бақытұлы 

Хабарламаларға жазылу