Таразда шатыры ашық қалған 13 көпқабатты үй су астында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда шатыры ашық қалған 13 көпқабатты үй су астында қалды

07.10.2024

Ал тараздық тұрғындар түнімен ұйықтай алмай шықты. Өйткені оннан аса көпқабатты үйдің шатырынан су сорғалап елдің есін шығарды. Ал бұқара бұған жаңбырлы маусымда шатыр ауыстырды деп әкімдікті кінәлайды. Тұрғындар шығынын кім өтейді? Данияр Әлімқұл тараптарды тыңдады.

Тараздық тұрғындардың түн ұйқысын бұзған жасынның дауысы мен жаңбырдың су болды. Шатырдан шелектеп аққан судан аяқ-асты шылқып сала берді. Ал біразы баспаналарына жуырда ғана жөндеу жүргізген.

Мариям Ыспанбекова, қала тұрғыны:

Бала-шағамыз жаурап жатыр. Мына жақта көгергіп кеткен. Ойбайлатып, түнде жата алмаймыз. Әкімдер қайда қарап жатыр? Осындай ақшасын беріп, осындай жөндеу жасаған кезде қарамайды, бақылау жоқ, өзімен-өзі.

Әлия Дәулетбаева, қала тұрғыны:

Мына техникаларым бәрі күйді, не жарығы жоқ. Еш нәрсесі жоқ, бәрі күйіп кетті. Тамақтың бәрі ертең құриды. Енді оның бәрін маған кім төлеп береді. Еңбекпен тапқан айлығыммен осы жөндеуді жасағанмын. Бәрін құртты.

Жұрт жергілікті биліктің күз келгенде шатыр ауыстырғанына ашулы. Толассыз жаңбырдан тоқтаусыз аққан су жарық желілерін де күйдірген.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Төбеден аққан су төменгі қабатқа бір-ақ жеткен. Бұқара баспаналарынан бас сауғалап, суық күнде туыстарының есігін қағып, тіпті қонақ үйге қонуға мәжбүр болған.

Ал әкімдік қырық жыл жөндеу көрмеген 53 көпқабатты үй қайта жаңғыртудан өтіп жатыр дейді. Бірақ жөндеу жұмысы екі айға кеш басталған. Шілдеде республикалық бюджеттен қаржы уақытылы аударылмапты. Ал ашық қалған шатырларды полиэтилень қаптамамен жабуды кей мердігерлер ұмыт қалдырған.

Қайрат Исмаил,  қала әкімінің орынбасары:

50 шақты тұрғындар төбесінен су өтіп, зардап шекті. Бұл келген зардаптар сондағы жөндеу жүргізудегі мердігерлердің есебінен іске асырылатын болады.

Шатыр жабу жұмысы айдың соңында аяқталмақ. Жалпы қайта жаңғыртуға 5 млрд теңгеден аса қаржы қаралған. Айта кетейік, Таразда 1400-ден аса көппәтерлі үйдің 500-і күрделі жөндеуді қажет етеді.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу