Елімізде кейбір қазандықтар жылыту маусымына дайын емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде кейбір қазандықтар жылыту маусымына дайын емес

08.10.2024

Жылу қазандықтарындағы жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған өңірлер бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Олардың ішінде өткен қыста қайта-қайта апатты жағдайда өшірілген Риддердің жылу станциясы да бар. Оңғар Алпысбайұлы тақырыпты тарқатады.

Қазіргі уақытта 9 облыста жылыту маусымы басталып кеткен. Ел бойынша автономды қазандықтардың дайындығы 100%. 535 шақырым жылу желілері жаңғыртылды, бұл жоспардың 98,5%-ы.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

Электр станцияларының жөндеу кестесіне сәйкес 5 энергоблокта 32 қазандықта, 28 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 энергоблокта, 23 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары түрлі кезеңдерде жүргізілуде.

Қазандықтардың 40-50 жыл бойы жөнделмеуі қалпына келтіру жұмыстарын қиындатып отыр. Сондықтан жаз маусымында аяқтау мүмкін болмаған. Дегенмен қала бойынша қажетті температураны ұстап тұру үшін дайын қазандықтардың күші жеткілікті дейді мамандар. 

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:

Кентау қаласындағы жылу орталығында 1956 жылдан бері қайта құру жұмыстары жүргізілмеген. Тозу 85 пайызға жеткен болатын. Ағымдағы жылы 6 қазандықтың қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 4 қазандықтың жұмыстары толық аяқталды.

Жаман айтпай жақсы жоқ. Премьер-министр апатты жағдай бола қалса жылдам қалпына келтіру мәселесін де назарда ұстаудың маңызды екенін айтты. Қазір солтүстік өңір халқы жеке тұрғын үйлер үшін көмір сатып алуды бастап кеткен. Әзірге талас та тапшылық жоқ. Ал жылы аймақтардың тұрғындары асығар емес. Күн күрт салқындаса кезек те тапшылық та болуы мүмкін деді Қанат Шарлапаев.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке және халықтың пайдалануына арналған көмірге қажеттілік 8,2 млн тоннаны құрайды. Жылыту маусымы басталғалы бері шамамен 3 млн тонна жеткізілді. Бүгінгі таңда еліміздің көмір тұйықтарындағы түрлі маркадағы көмір қоры шамамен 570 мың тоннаны құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық.

Арзан көмірдің шетелге заңсыз сатылмауы үшін көмір экспортына лицензия беруді көздейтін Үкімет қаулысы қабылданды. Ал, алыпсатарлар бағаны өсірмесін деп көмірді сатуды биржаға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Оңғар Алпысбай


Хабарламаларға жазылу