М.Әшімбаев: Дін көшбасшыларын әлемдегі іргелі проблемаларды шешу жолында біріктіру керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

М.Әшімбаев: Дін көшбасшыларын әлемдегі іргелі проблемаларды шешу жолында біріктіру керек

08.10.2024

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 8-ші съезі келесі жылы қыркүйекте өтеді. Бұл жайында бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында съезі хатшылығының ХХІІ отырысында бекітілді. Жиынға әлемнің 20-дан аса елінен дін қызметкерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері келді. Олар бірқатар жаһандық өзекті мәселелер талқыланды.

Рухани көшбасшылар 20 жылдан астам уақыт бойы Съезд аясында күш біріктіріп, діндер, мәдениеттер және халықтар арасындағы диалогты дамытуға, адамзатты алаңдатқан жаһандық проблемаларды шешуге елеулі үлес қосып келе жатыр. Дәстүрлі жиынға төрағалық еткен ел Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев дәстүрлі съездің мән-маңызына тоқталып, қатысушыларға алғыс білдірді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

Осы уақыт ішінде съез жаһандық маңызға ие, дінаралық диалог алаңына айналды деп сенімді түрде айта аламыз. Съез және оның хатшылығы қызметіне көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауларыңыз бен ерекше ықыластарыңыз үшін сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, нейрожелілер мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы кең мүмкіндіктермен қатар фейктердің таралуына да жол беріп, жаһандық тұрақтылыққа нұқсан келтіріп отыр. Осындай жағдайда Қазақстан аталған қатерлерді еңсеруге ықпал ете отырып, халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыруды жалғастыра береді. Ал, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасының негізгі мақсатын баяндады.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Бүгінде жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, Съезд тұжырымдамасы алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Алдағы он жылдағы біздің стратегиялық мақсатымыз – Съездің жаңа институттарын – әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің ізгі ниетті елшілерін және жас діни лидерлер форумын іске қосу арқылы рухани дипломатияны нығайту. 

Ал әлемнің әр түпкірінен келген дін лидерлері бұл жиынның мән-маңызы зор екендігін жеткізді.

Рудрашка Сакрикар, «Сомайя видьявихар» университетінің конфессияаралық қатынастар және өзара түсіністік жөніндегі бағдарламасының хатшысы:

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының бір мүшесі болғаныма қуаныштымын. Осындай отырыста маңызды мәселелерді қарастырып жатырмыз. Осы ретте қазақ үкіметіне алғысымызды білдіреміз. Біз бейбітшілік пен келісімге қол жеткізу үшін қолдан келген жұмысты істеп жатырмыз.

Сондай-ақ, жиында мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтарды ілгерілетуге арналған Ізгі ниет елшілері мәртебесі берілді. Аталған мәртебегеге ие болғандар қатарында әнші Димаш Құдайберген де бар.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Бүгін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сегізінші Съезінің жалпы отырысы мен панельдік сессияларының тақырыптары және өтетін мерзімі белгіленді. Енді сегізінші Съезд 2025 жылы қыркүйектің 17-сі мен 18-і күндері өткізіледі. Ондағы тақырып - «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» деп аталмақ.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу