Ақтөбе қаласының іргесінде су жағалауы өртеніп, қызыл жалын сол маңдағы ондаған үйдің ауласына дейін келді. Тұрғындар дер кезінде қауіпсіз аумаққа кетіп үлгерген. Өрт шамамен екі сағат бұрын сөндірілді. Дегенмен, қайта тұтануы мүмкін деген кауіп бар. Сондықтан оқиға орнында өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері жүр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Өрт күндізгі сағат үш жарымдардың шамасында басталған. Жел қатты болғандықтан, оны бірден сөндіру мүмкін болмады. Жалын лезде бірнеше гектар аумаққа таралып, менің артымдағы жүздеген саяжай ұжымына қауіп төндірді.
Өрт шыққан аумақтың өзінде 130-дан астам саяжай мен тұрғын үйлер бар. Қоңырау түскен бойда құтқарушылар халықты құлақтандырып, қауіпсіз аумаққа шығарған. Тұрғындар өрттің шығуына су жағасына келетін балықшыларды кінәлайды.
Ирина Бондаренко, тұрғын:
Балықшылар көліктерін тастап, судың келесі бетіне өтеді. Солар темекі тұқылын тастайды. Қоқыстарын да жинап кетпейді. Менің ойымша, қауіп солардан келді. Көріп тұрсыздар ғой, айналаның бәрі өрт.
Бұл аумақта жүздеген тұрғын қысы-жазы тұрып жатыр. Сондықтан қауіп үлкен еді. Арнайы техникалар мен мамандар тез арада келіп, жалынның тұрғын үйлерге жетуіне жол бермеді. Дегенмен бірнеше нысанды жалын шарпыды.
Айбат Жаңабергенов, Облыстық тжд бастығының орынбасары:
Хабарлама бойынша, ТЖД жұмылдырылып, оған 47 адам, 13 техника қамтылды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органнан 10 техника, 7 адам қосымша тартылды.
Өрттің неден шыққанын әзір ешкім дөп басып айта алмай отыр. Құтқарушылардың мәліметінше, жалын 5 гектар жерді шарпып үлгерген. Қанша үйдің өртенгені мен шығын көлемі кейін хабарланады.
Жақсыбек Кемал