Жамбылда қант қызылшасын еккен дихандар дақылымыз далада қала ма, - деп дабыл қағып отыр. Өйткені биыл өнім мол болғанымен, өткізу қиынға соқты. Шаруалар Меркідегі зауыттың алдында 4 күннен бері түнеп жүр. Ал алқап басында тау-тау боп үйілген тәтті түбірді үсік ұра ма, деп қорқады. Данияр Әлімқұл кәсіпорындағы жағдайды көріп қайтты.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Қант қызылшасын қабылдайтын зауыт алдындағы қарбалас осындай. Кептелген көлік, кезегін күткен ел. Өйткені өңір бойынша өнімді өткізетін жалғыз зауыт жұмыс істеп тұр. Бұған қабылдау қуаты жетпейді деп шаруалар наразы.
Биыл Жамбыл облысы қант қызылшасын егуде рекорд орнатты. Өнім көлемін 600 мың тоннадан асырды. Бұл жылдағыдан үш есеге көп. Алайда аймақтағы екі зауыттың біреуі ғана жұмыс істеп тұрғандықтан кезекке таласқандарға көз сүрінеді.
Нұрдәулет Ахметов, Тараз қаласының тұрғыны:
Күніге кезек, келесің үш күндеп, төрт күндеп жатасың, мына жақта жейтін тамағың, шығының бар. Жан-жаққа жіберіп, мынандай кезек қылмай, ертерек бітірген дұрыс қой. Мынау қарқынмен ұра беретін болса, наурызға дейін барайын деп тұр ғой.
Серік Данаев, Байзақ ауданының тұрғыны:
Шешім дейді, анау дейді мынау дейді. Бірақ шешіліп жатқан жұмыс жоқ. Түнгі ауысым жоқ. Бізге тәулік бойы істегені жақсы. Келіп түсіріп кеткеніміз артық. Мына жерде түнегенше егіс басында түнегеніміз артық.
Ал зауыт 450 мың тонна қабылдауға қауқарлы. Бұған дейін күніне үш жарым мың тонна қабылдап келсе, кезек көбейгеніне байланысты бес мыңнан асырған. Бір айдан бері 115 мың тонна қабылдап үлгеріпті. Ал екі ауысымдағы жұмысқа көшкісі келмейді. Өйткені өнім жатып қалатындықтан шірітіп алғысы жоқ.
Нұржан Қарғабаев, «Меркі қант зауыты» ЖШС бас директоры:
Жамбыл облысында екі қант зауыты бар. Зауытты қосу керек. Мына біз көріп жатсыз үлгермей жатырмыз. Бұрын қарашаның 30-ында тоқтатушы едік. Енді мына желтоқсан айына кетіп қалайын деп тұрмыз. Облыс бойынша 150 ауыл шаруашылық қожалықтарымен келісімшартқа отырдық, солар тасып жатыр.
Тараздағы тағы бір зауыт қант құрағын ғана өңдейтіндіктен, қызылшаны қабылдамайды. Ал өңірдегі өнім қабылдауға қатысты дау Үкімет деңгейінде қаралып жатыр. Зауыт ұжымы Астанаға арыз айтып, әкімдік қысым көрсетуін қоймайды десе, атқамінерлердің кәсіпорын жұмысына көңілі толмайды. Қазір қос тараптың тартысына қатысты республикалық комиссия құрылды.
Әбілхайыр Тамабек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
Мен айттым: «Зауыт айтылған міндеттемелерді орындамай жатыр, біріншіден өзінің қызылшасын қабылдап жатыр» деп. Зауыт егелері менің сөзімді жоққа шығарды, жоқ өтірік айтады деп. Бір апта бақылайды қазір, кімнің сөзі рас, кімнің сөзі өтірік екенін Үкімет деңгейіне қайтадан шығарамыз. Кезек мәселесі де сол.
Шенділер шаруалар сөзін сөйлеп, дақылдар далада қалмасын дегеннен басқа ештеңе демедік, дейді. Зауыт қолдан келгенше қабылдап жатырмыз дегеннен танбады. Енді әкімдік қалған қызылшаны қысқа қалдырмай, Қырғызстанға жіберу жолын қарастырып жатыр.
Данияр Әлімқұл