Елімізде белсіздік пен бедеулік дерті көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде белсіздік пен бедеулік дерті көбейіп барады

09.10.2024

Белсіздік пен бедеулік дерті көбейіп барады. Бір ғана Жетісу облысында жылына жүздеген ер азамат нәрестелі болу үшін дәрігерлер көмегіне жүгінеді. Табиғи жолмен ұрпақ сүю мүмкіндігі болмаса отбасы жасанды ұрықтандыру тәсіліне үміт артады. Мамандар жаһандағы экологиялық ахуал, климаттың өзгеруі ер мен әйелдің иммунитетін әлсіретіп, бала сүюіне кері әсерін тигізуде, деп дабыл қағып жатыр. 

32 жастағы Жайық Қалибековтың шаңырақ көтергеніне 4 жылдан асты. Жас отбасының басты арманы нәрестелі болу. Алайда дәрігерлер кінәрәт кімнен екенін дөп басып айта алмай отыр. Үміттері үзілмеген ерлі-зайыптылар мамандарға бірге қаралып, бірге тексерілуде.

Жайық Қалибеков, қала тұрғыны:

Қаралдық, емделдік жұбайым екеуміз. Әрбір дәрігерге қаралдық. Нәтиже жақсы деп шығарып салады. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже болмай жатыр. Бәрі бір Алладан ғой. Мүмкін әлі дайын емес шығармыз балаға. Сол себептерін біле алмай жатырмыз. Адам болған соң үмітімізді үзбей жұбайым екеуміз аяғына дейін барамыз.

Әдетте ер азаматтар бар кінәрәтті әйелдеріне жүктеп қойып, тіпті қаралуға да келмейді. Ал соңғы зерттеулер бойынша сәбилі бола алмай жүргендердің 55 пайыз жағдайында еркектердің бедеулігі басты себеп, дейді мамандар. Урология бөлімінің меңгерушісі Айбол Тұраптың айтуынша соңғы жылдары 30 дан асқан азаматтардың потенциясы төмендеп кеткен. 

Айбол Тұрап, Урология бөлімінің меңгерушісі:

Жылына 100-ден асады бедеулікке байланысты бізге келіп қаралатын пациенттер. Оның тең жартысы емдеуге келеді. Кейбір жағдайларда 30 пайызға жуығы жасанды ұрықтану жолына жүгінеді.

Соңғы зерттеулер бойынша елімізде әрбір бесінші отбасы бедеуліктің қасіретін көріп отыр. Президент тапсырмасымен елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы енгізіліп, жасанды ұрықтандыруға жыл сайын 7 мыңға дейін квота бөлінуде. Мамандар өңірді аралап, нәрестелі болам деген шаңырақтарға кеңестерін беріп, өтініштерін қабылдауда.

Эльвира Сарманова, дәрігер-репродуктолог:

Кеңеске келген кезде әйелі мен жолдасынан сұрақтар қою арқылы яғни анамнез жинаймыз. Ультрадыбыстық зерттеу жүргіземіз. Бүкіл тексерулерді қараймыз. Анализдерін қараймыз. Келген пациенттердің көбісінде әрине үміт бар.

Экологияның әсерінен бөлек дұрыс тамақтанбау, темекі мен ішімдік сынды жағымсыз әдеттер де дерттің дендеп кетуіне басты себеп.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу