Жаңаөзенде Паралимпиада спортшылары көшеде жаттығуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде Паралимпиада спортшылары көшеде жаттығуға мәжбүр

10.10.2024

Жаңаөзен қаласында паралимпиада спортшыларына жаттығатын жер жоқ. Арнайы ат спортына жабдықталған орын болмағандықтан халықаралық додалардың жеңімпаздары далада тоңып-жаурап дайындалуға мәжбүр. Ал жергілікті әкімдік болса, мәселені шешуге асығар емес. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.

Жаңаөзендік паралимпиада спортшылары Айбек Тілеуов пен Ерқанат Қарымсаков халықаралық чемпионаттардың жүлдегерлері. Екеуі де додаларда алдына жан салмайды. Спортшылар қазір де кезекті жарысқа дайындық үстінде. Шаң мен өкпек желге қарамай көшеде дайындалып жүр.

Жаңаөзен қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жастарды спортқа баулып жүрген облыстық паралимпиада ат спортының аға жаттықтырушысы Самат Әлен. Ол 2018-жылдан бері 20 шақты паралимпиада спортшысын дайындаған. Онымен қоса, көптеген баланы атқа отырғызып, иппотерепия емін жүргізеді. Алайда ат спортына жағдай жасалмағандықтан, спортшылардың біразы кетіп қалды , - дейді ол.

Самат Әлен, Маңғыстау облыстық Паралимпиада ат спортының аға жаттықтырушысы:

Осы кезге дейін 20 шақты спортшы балаларды шығардық. Енді оның ішінде ауырып қалғандары да болды. енді мына спорт ұнамай бастап, шығып кеткен балалар да болды. осы погодаға неге байланысты жанағы манеждің жоқтығына байланысты көптеген спортшыларымыз шығып кетіп жатыр.

Арнайы орын салынса, ат спортының түрлерін дамытуға болады, - дейді жаттықтырушы. Мәселен иппотерапияға сұраныс өте көп. Қазір паралимпиада спортшылары Жаңаөзен қаласының тұрғыны, қайырымды жан Марат Ідірістің үйінің ауласында, соның жылқыларымен жаттығуда.

Марат Ідірісов, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Дайындалатын жер жоқ, көмегіңіз болса, жағдай осы деп барлығын түсіндірді. Балдардың кәдімгі ынтасына қарап, қызығушылығын көрген кезде кәдімгі атқа деген қызығушылығы болғасын құшақ жаяр, аттарымды беріп осы.

Әкімдік тарапынан паралимпиадашыларға Жаңаөзеннен 20 шақырым жердегі ипподром ұсынылған. Бірақ, мүмкіндігі шектеулі спортшылар қашық жерге бара алмайтындарын айтқан. Ал қаланың ішінен жабық манеж салу санитарлық талапқа сай келмейді дейді қала әкімі.

Жансейіт Қайнарбай, Жаңаөзен қаласының әкімі:

Ұлттық спортты қолдауға біз мұқтажбыз. Дегенмен де бұның барлықтары қаржылық мәселеге келіп тіреліп тұр. Енді уқытша жер беру бойынша өткенде ұсыныс берген осы жерден. Енді оны алдағы уақытта заңға сәйкес міндетті түрде қараймыз.

Паралимпиада спортшылары күні кеше Қазақстан чемпионатында 1 алтын, 1 күміс медаль алды. Алда чемпионатта бақ сынайды. Дайындықтың қиындығына қарамастан жүлдемен оралуды көздейді.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу