Орталық Азия елдері жергілікті өзін-өзі басқару бойынша тәжірибе алмасуға ниетті. Мемлекеттік басқару саласында бұл жобаның рөлін арттыру маңызды. Өзбекстанда өткен халықаралық шарада осы мәселе жан жақты талқыланды. Жиынға қазақстандық сарапшылар мен елшілік өкілдері қатысып, тәжірибелерімен бөлісті.
Қазақта жергілікті өзін өзі басқару болғаны тарихтан белгілі. Елімізде алғашқы болып «Ошақ» тұрақты даму орталығын құрған Сарқытбек Молдабаевтың пікірі осылай. Өзін өзі басқару бойынша тілі де, мәдениеті де жақын көрші мемлекеттің тәжірибесін басшылыққа алсақ ұтарымыз көп дейді сарапшы.
Сарқытбек Молдабаев, «Ошақ» тұрақты даму орталығы ҚБ директоры, заңгер:
Әр ауылдың өз ошағы болды, мысалы жайлауға шығу керек, тағы бір сондай бүкіл ауылға байланысты мәселелерді сол ауылдың ошағында үлкені бар, кішісі бар ақылдасып бұрын бір шешімге келген. Соны ауыл ошағында дейді.
Кеңес үкіметі орнаған соң да ауылдық кеңестер болды. Бірақ соңғы кезде осы дәстүрден ажырап қалдық дейді ол. Бауырлас өзбек елінде мәхаллалар институтын сақтау арқылы қылмыстың, ажырасудың азаюы, әйелдер мен балалардың мүддесін қамтамасыз ету жолға қойылған.
Жәмила Шермұхамедова, Республикалық рухани ағарту орталығының сарапшысы, профессор:
Отбасындағы ынтымақ, қоғамдағы әйелдің ролін көтеру, бала тәрбиесіне мән беру, қыз баланы оқыту секілді маңызды мәселелер қаралды. Жалпы қандай жағдайда да бауырмалдық пен достық рухта күш біріктірудің мәні зор. Бірлік- берекенің бастауы деп бекер айтылмаған.
Жергілікті өзін өзі басқару ақыл ойды тәрбиелеуші құрал, әрбір келеңсіздіктің, оның ішінде адамзатқа қауіп тудырып отырған экстремизм, терроризмнің алдын алушы күш. Осылай деген шара қатысушылары өзін-өзі басқару органдарына заманауи технологияларды енгізу, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту мен кадрлар даярлау жайын да көтерді.
Базаркүл Отыншиева