Мемлекет басшысы ресми сапармен Түрікменстанға барды. Ашхабад әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты түрікмен халқының көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов күтіп алды. Әуе айлағындағы салтанатты қарсы алу рәсімінде құрмет қарауылы тізіліп тұрды. Рота командирі рапорт берген соң екі елдің әнұраны орындалды.
Ашхабад әуежайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен екіжақты кездесу де өткізді. Мемлекет басшысы қазақ-түрікмен ынтымақтастығы достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Әрі Түрікменстанға ресми сапарының мақсаты екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге шығару екенін айтты. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтың басым бағыттарын талқылады.
Данияр Қайыртай