Алматыда әлемге әйгілі хореограф Акрам Хан Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында шеберлік сабағын өткізді. Британ империясы орденінің кавалері жеті жасынан бері би өнерімен айналысады. Кәсіби хореографтың командасы театрдың шақыруымен Қазақстанға арнайы келген. Өнер ұжымы, оның ішінде балет тобы әлемнің атақты әртістерімен жұмыс істейтін Акрам Ханның би арқылы тілдесудегі өзіндік әдісімен танысып, оны меңгеру маңызды екенін атап өтті. Акрам Ханның сөзінше, анасы рухани әлемге жақын болған. Сондықтан әуелі киелі Түркістанға ат басын бұрыпты.
Акрам Хан, хореограф:
Мен Алматыға алғаш келіп тұрмын. Қазақтың бірнеше сөзін де үйреніп үлгердім. Бұған дейін Түркістанда болдым. Екі апта ішінде қазақтың би өнерімен жақынырақ таныстым. Өткен аптада алғаш рет «Сильфида» қойылымын тамашалап, керемет әсер алдым. Бишілердің талантында шек жоқ. Тәнті болдым.
Жазира Оразқызы