Қасым-Жомарт Тоқаев «Оғызхан» сарайында келіссөз жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев «Оғызхан» сарайында келіссөз жүргізді

10.10.2024

«Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара сауда-саттық көлемі кейінгі 5 жылдың өзінде 4 есе өскен». Түрікменстанға ресми сапары аясында өткен келіссөз кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай мәлімет келтірді. Әрі біздің тараптың 80 түрлі тауар бойынша экспорт көлемін 120 млн долларға арттыруға әлеуеті барын жеткізді. «Оғызхан» президент сарайында өткен келіссөздер қорытындысында тараптар 20 түрлі құжатқа қол қойды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Қазақстан мен Түрікменстан – бауырлас елдер. Тарихы мен мәдениеті, тілі мен діні ортақ. Шекара – бір, саяси-экономикалық мүдде де ұқсас. Екі жақты қарым-қатынасқа серпін бере түсу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға ресми сапармен келді.

 «Оғызхан» сарайы. Түрікменстан президентінің резиденциясы. Қазақстаннан келген жоғары мәртебелі мейманды қарсы алуға әзір. Сарай иесі Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдынан шықты.

Протоколға сай, мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды да шағын құрамда келіссөз жүргізу үшін жеке залға өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев «энергетика, көлік, логистика және мәдени-гуманитарлық салалары бойынша сенімді одақтаспыз» деді. Әрі Түрікменстанның халықаралық аренадағы бейтарап статусына құрметпен қарайтынымызды жеткізді. Ал Сердар Бердімұхамедов бауырлас Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті жан-жақты өркендетуге бейіл екенін растады.

Қазақ-түрікмен тауар айналымы 5 жылда 4 есе өсті

Ал ресми делегациялардың қатысуымен өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөзде Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай ілгерілеу барын айтты. Кейінгі 5 жылдың өзінде өзара сауда-саттық көлемі 4 есе өскен. Әрі Қазақстан экспорттың жалпы көлемін 80 түрлі тауар бойынша 120 млн долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді. Тура екі жыл бұрын түрікмен басшысы Сердар Бердымұхамедов Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгенде тараптар өзара сауда-саттық көлемін 1 млрд долларға жеткізуге уағдаласқаны да есте.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сауда экономикалық байланысты нығайтуға түрікмен капиталы бар 150 компания үлкен үлес қосып отыр. Іскерлік орта негізгі қозғаушы күшке айналуы керек. Екі елдің ірі коммерциялық және ұлттық компанияларының күш-жігерін өнеркәсіп, құрылыс, логистика, байланыс және экономиканың басқа да салаларындағы нақты жобаларды іске асыруға жұмылдырған жөн деп санаймын.

Тараптар 20 құжатқа қол қойды

Келіссөздерден кейін тараптар екі ел арасындағы достықты нығайту және көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларацияға қол қойды.

Ал делегация мүшелері түрлі деңгейдегі 20 құжат бекітті. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардың өзі 4 құжатқа қол қойған. Әсіресе мұнай-газ саласындағы келісімнің маңызы зор.

Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:

Оның ішінде басты 3 бағдар бар. Біреуі кен орындарын барлау және игеру жұмыстарын ілгерілету, екіншісі – теңіз бұрғылау қондырғысы, жаһандық жұмыстарды ілгерілету, үшіншісі – біздің екі мемлекеттік мекеме арасында тәжірибе алмасу және техникалық мәселелерді жандандыру.

Көлік саласына қатысты тағы 4 құжат бекіді. Оның екеуі меморандум болса, тағы екеуі – үкіметаралық келісімшарт.

Марат Қарабаев ҚР Көлік министрі:

Бірінші келісімшарт екі елде автокөлікпен ауыр жүк тасымалдайтын кәсіпорындар екі ел арасында жүк тасымалдағанда арнайы рұқсат құжатын алуы керек. Қазіргі келісімге сәйкес осы арнайы рұқсатты түбегейлі жойылатын болады. Оған қоса екі министрлік арасында көлік логистика саласында стратегиялық келісімшартқа қол қойылды

Президент сапары мүнымен аяқталған жоқ. Ертең Мемлекет басшысы түрікмен ақыны Мақтымқұл Пырағының 300 жылдық мерейтойына арналған халықаралық форумға қатысады деп жоспарланған.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу