Ақсудың жылу қазандығы биыл да іске қосылмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақсудың жылу қазандығы биыл да іске қосылмады

10.10.2024

Павлодардың іргесіндегі Ақсу қаласында жаңадан салынған қазандық биыл да іске қосылмайтын болды. Әкімшілік жылу қазандығы биыл іске қосылмайды, деп шегелеп айтты. Сынақ жұмыстары келер жылдың мамыр айында ғана басталмақ. Нысанды салуға 11 млрд 600 млн.теңге қаржы жұмсалған. Ал, пайдалануға осыдан бес жыл бұрын берілуге тиіс еді. Негізі құрылысы енді басталған кезде жаңа қазандық шағын шаһарды ғана емес, жаңа бой көтерген шағын аудандарды да жылумен қамтиды, деп жоспарланған. Соған сәйкес алты қазандықты жылу орталығының қуаттылығы 180 гега калорий болуы керек еді. Бүгінгі күні қазандықтың қуаты қаланың жартысына ғана жететіні белгілі болып отыр.

Ержан Иманзайыпов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Бір қазандықтың жобалық қуаты 30 гега калорий болуы керек еді Қазіргі таңда олар 30 гега калорий алған жоқ. Олар тек қана 20 гега калорий алды. Сол үшін жобалық-сметалық құжаттамаға біз корректировка жасаймыз.

Бұндай түзетулер бес жыл бойы жасалып келеді. Содан бері Ақсу қаласында 4-ші әкім ауысты. Бастапқы жобадан кеткен шикілік түзелмей қойды. Қазақстанға еңбегі сіңген сарапшы энергетик Аманкелді Аманғалиев жылу қазандығының құрылысына қатысқан. Тапсырыс беруші тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан мердігер басқа қазандық орнатып жіберді дейді ол.

Аманкелді Аманғалиев, сарапшы энергетик:

Бийск қаласындағы қазандық жасайтын зауыттан әкелуге тиіс болатын. Себебі, жобада күлділігі жоғары Екібастұз көмірі жағылады деп көрсетілген. Ал, бұлар көмірді там-тұмдап салып, бірақ лаулатып жағуға арналған қазандық қойды. Бұл әдіспен көмірдің 60-65 пайызы жанып үлгермейді, оның үсітіне Екібастұз көмірінің 45 пайызы күл болып шығады. Қазандықты бітеп тастайды. Ал, майкөбе көмірін жағар болса мәселе оң шешілер еді. Бірақ бізді ешкім тыңдамайды.

Болат Аманбай


Хабарламаларға жазылу