Шымкент қаласындағы 4 шағын ауданның тұрғындары биылғы қыста да көмір жағатын болды. Өйткені ерте көктемде басталған газ желісінің құрылысы мерзімінде аяқталмайын деп тұр.
Ала жаздай үйімізге газ келетін болды, деп қуанып жүрген Сабырхан Өміров енді не істерін білмей дағдарып отыр. Көгілдір отын жағасыңдар дегенге сеніп, қысқа көмір де алмаған. Күздің қара суығы басталды.
Сабырхан Өміров, қала тұрғыны:
Құрылыс басталғанда көмір алмаңдар, отын алмаңдар деген. Енді газ да жоқ, отын да жоқ отырмыз не қыларымызды білмей. Көңілім толмайды жұмыстарына.
Тәуелсіздікке 20 жыл деп аталатын тұрғын алапқа газ желісін тарту ісі биыл аяқталуы керек еді. Қазір бұл жұмыстың 60 пайызы ғана істелген. Магистарльді желі тартылғанымен біраз көшеге әлі құбыр жүргізілмеген. Шаһардағы Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайы, Ынтымақ-2 шағын ауданында да осы жағдай. Жұмыстың кешігуіне құрылысқа қаралған қаржының кеш аударылуы себеп болған.
Шәкір Сұлтанхан Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі:
Мердігерді күнде бақылауда ұстап отырмыз. Жылдың соңына дейін бітіреміз деп отыр. Сол үшін былтырғыдай алатын көмірлеріңізді ала беріңіздер.
Шымкент қаласында жалпы 12 шағын ауданға әлі күнге табиғи газ бармаған. 100 мың шаңырақ отын жағып, күнелтіп келеді. Жыл соңына дейін мегаполистегі осындай 7 шағын ауданға газ берілмек. Оған қазынадан 15 миллиард теңгедей қаржы бөлініп отыр.
Ғани Қалмахан