Петропавлда екі ай бұрын ғана төселген асфальттың үстіне бөгет салынып жатыр. Облыс орталығын Қостанай бағытындағы республикалық тас жолмен жалғайтын учаскені қалыпқа келтіруге мемлекет қазынасынан 45 млн теңге жұмсалған. Салынып жатқан бөгеттің биіктігі 3 метр, ұзындығы 4 шақырым болмақ. Құрылысына 290 млн теңге бөлінді. Қазір көліктер жолдың бір бағытымен қатынауға мәжбүр.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл уақытша нысан болмақ. Келер жылы басқасын салу жоспарланған.
Қанат Өсербаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директорының орынбасары:
Биыл су тасқынынан кейін жолдың үстінде ой-шұңқырлар пайда болды. Апаттық жағдай туындамауы үшін жөндедік. Бөгет салынатынын білген жоқпыз. Бұл шешімді қалалық әкімдік жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қабылданған. Мердігер анықталып, осы жерде жаңадан жол салынады.
Эльмира Кәленова