АҚШ-тың Флорида штатында 3 млн-нан астам үй мен кәсіпорын жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тың Флорида штатында 3 млн-нан астам үй мен кәсіпорын жарықсыз қалды

10.10.2024

АҚШ-тың Флорида штатында «Милтон» дауылы соқты. 4 адам қаза тауып, 3 миллионнан астам үй мен кәсіпорын жарықсыз қалған. Және де осы дауылдан су тасып, 19 торнадо көтеріліп, 100-ден астам үй қирады.

«Милтон» Флориданың орталық бөлігіне сағатына 195 шақырым жылдамдықпен жеткен. Қазір оның күші әлсіреп, жылдамдығы сағатына 150 шақырымға дейін төмендеді. Соған қарамастан, 70 мыңдай адам әлі мемлекеттік мекемелерді паналап отыр. Дегенмен, Флорида штатының губернаторының мәлімдеуінше, бұл дауылдың зардабы "өте нашар сценарий" деуге келмейді екен.

Рон Десантис, Флорида штатының губернаторы:

Біз күн өткен сайын дауыл зардабының көлемін жақсырақ түсінетін шығармыз. Қазір шығынды есептеп жатқан адамдар бар. Ал алғашқы көмек көрсетушілер түні бойы қиын жағдайға тап болған тұрғындарға көмектесу үшін тыным таппай жұмыс істеді. Дауыл айтарлықтай болды, бірақ бағымызға орай, бұл ең нашар сценарий емес. Дауыл құрлыққа жеткенше әлсіреп, күшін жоғалтқан.

Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ президенті Джо Байден дауылдың алғашқы зардаптары туралы ақпарат алған. Бұған дейін белгілі болғандай, Байден дауылға байланысты Германия мен Анголаға жоспарланған сапарларын доғаруға мәжбүр болған.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу